Жүргізуші куәлігін сатып алмақ болған зайсандық 6,6 млн теңгесінен айырылды

Фото: Depositphotos
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деген танысына сенген тұрғын 6,6 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу мәліметінше, 2005 жылы туған Зайсан қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, танысы жүргізуші куәлігін алып беруге уәде беріп, ірі көлемде ақша алған.
Белгілі болғандай, биыл ақпан айында жәбірленуші Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген танысымен қайта байланысқа шыққан. Әңгіме барысында ол өзін Алматы қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырып, жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесе алатынын айтқан.
«Оның сөзіне сенген азамат алдымен келісілген соманы аударған. Кейін танысы әртүрлі себептер айтып, бірнеше рет қосымша ақша сұраған. Нәтижесінде жәбірленуші 6,6 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған. Ақшаның бір бөлігі белгісіз тұлғалардың есепшоттарына аударылған», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды мемлекеттік қызметтерді заңсыз немесе жеделдетілген тәртіппен рәсімдеп беремін деген адамдардың уәдесіне сенбеуге шақырды.
«Ақпараттың дұрыстығына көз жеткізбей, бейтаныс немесе сенімсіз адамдардың есепшотына ақша аудармаңыздар. Мемлекеттік қызметтерді тек заңда белгіленген тәртіппен және ресми арналар арқылы алыңыздар», – деп ескертті құқық қорғау органдары.
Құқық қорғау органдары мемлекеттік қызметтерді тек ресми арналар арқылы алуға және күмәнді ұсыныстарға сеніп, алдын ала ақша аудармауға шақырды.


