NoFake

Астаналықтарды Instagram-дағы жалған жарнама арқылы алдаған алаяқтар алты жылға сотталды

Фото: Depositphotos

Астанада жиһаз дайындау қызметін ұсынған екі алаяқ 19 азаматты алдап, 24,6 млн теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бас прокуратура ұсынған мәліметтерге сәйкес, жәбірленушілердің бірі Instagram желісінен жиһаз дайындау туралы жарнаманы көріп, компания өкілдерімен келісім жасаған.

«Өлшемдер алынғаннан кейін ол 4,5 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат аударған. Осыдан кейін екі алаяқ онымен байланысқа шығуды тоқтатқан. Олардың әрекеттерінен 19 азамат зардап шегіп, келтірілген залалдың жалпы сомасы 24,6 млн теңгеден асты», — делінген ведомство хабарламасында.

Тергеу барысында осы схема бойынша тағы 18 адамның алданғаны анықталған. Оларға келтірілген жалпы шығын 24,6 млн теңгеден асқан. Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін барлық қажетті дәлелдерді ұсынған.

«Сот үкімімен олардың әрқайсысына 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырылды», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда, жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылған. Сондай-ақ, келтірілген материалдық залал сотталушылардан өндірілетін болған.

Осы ретте, прокуратура азаматтарды ақшалай қаражатты қолма-қол немесе жазбаша шарт жасаспай жеке банк картасына аудармауға, төлемді растайтын чек пен құжаттарды талап етуге, сондай-ақ шартта жиһаздың өлшемдері мен материалдарын, бағасын, дайындау және орнату мерзімдерін, сондай-ақ мерзімін өткізіп алғаны үшін жауаптылықты нақты көрсетуге кеңес береді.

Оқу үшін