Желіде Турлов пен Балтабаевтың фотосымен жалған курстар жарнамасы тарады

Скрин: Жалған жарнамадан
Интернетте ресми жобаларға еш қатысы жоқ жалған білім беру бағдарламалары таралып жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.
Пайдаланушыларға Freedom Academy атынан «инвестициялауды үйренуді» ұсынады. Оған қатысу үшін сілтеме арқылы өтіп, сауалнама толтыру қажет. Ұйымдастырушылар қаржы нарықтарының негіздерін үйретуге, практикалық сабақтар өткізуге және тәлімгерлердің қолдау көрсетуіне уәде береді.
Сенімділікті арттыру үшін жарнамада Freedom Holding Corp. топ-менеджері Тимур Турлов пен қазақстандық журналист Әділ Балтабаевтың фотосуреттерін рұқсатсыз пайдаланған.
«Freedom Academy-ден инвестициялауға оқыту курстары жүріп жатқаны туралы айтылған бұл фотоны көрген боларсыздар. Оның өтірік екенін, фейк екенін ресми түрде мәлімдеймін. Егер мұндай курстар болса, біз ол туралы ресми түрде хабарлар едік. Арандатушыларға және жалған ақпарат таратушыларға сенбеңіздер», — деп түсіндірді NoFake.kz порталына Әділ Балтабаев.
Freedom Broker-дің ресми ресурстары арқылы жүргізілген тексеріс бұл хабарландырулардың шынайы білім беру бастамаларына ешқандай қатысы жоқ екенін растады.
Айта кетейік, бұл мұндай курстарды ілгерілету үшін танымал тұлғалардың бейнесін заңсыз пайдаланудың алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін де алаяқтар қаржы ұйымдары өкілдерінің фотосуреттерін «Freedom Academy» жарнамасы ретінде көрсетіп келген.
Компания мұндай парақшалардың ресми жобалар кейпіне еніп, пайдаланушыларды адастыруы мүмкін екенін бірнеше рет ескертті. Шынайы курстарға тек тексерілген және ресми арналар арқылы ғана жазылуға болады.


