Жеке куәліктің мерзімі өтіп кетсе айыппұл салына ма

Фото: nitec.kz
Қазақстанда жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда азаматтарға бірден айыппұл салынбайды. Алайда құжатты бір айдан астам уақыт ауыстырмағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке куәлікті қашан және қалай ауыстыруға болатынын NoFake.kz Ішкі істер министрлігі мен eGov деректеріне сүйеніп түсіндіреді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жеке куәліксіз немесе жарамсыз құжатпен жүргені үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында көзделген.
Аталған бапқа сәйкес, жеке куәліктің мерзімі өткеніне 10 күннен аспаса, әкімшілік жаза қолданылмайды. Ал азамат 10 күннен бір айға дейін жарамсыз құжатпен жүрсе, оған ескерту жасалады.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының бір айдан астам мерзімде жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен тұруы жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында.
2026 жылы 7 АЕК 30 275 теңгені құрайды. Егер азамат әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы құқық бұзушылықты қайталаса, айыппұл 13 АЕК-ке, яғни 56 225 теңгеге дейін өседі.
Жеке куәлікті онлайн ауыстыруға бола ма?
ІІМ мәліметінше, қазақстандықтар жеке куәлікті eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады. Алайда бұл қызмет тек құжаттың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты ұсынылады. Онлайн өтінішті жеке куәліктің мерзімі бітуіне 30 күн қалғанда немесе мерзімі өткеннен кейінгі 10 күн ішінде беруге болады.
Ол үшін азамат электрондық үкімет порталында авторизациядан өтіп, тиісті қызметті таңдауы қажет. Одан кейін биометриялық сәйкестендіруден өтіп, өтінішті толтырады, фотосуреті мен қолтаңба үлгісін жүктейді және өтінімді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растайды.
Қандай жағдайда ХҚКО-ға бару керек?
Егер жеке куәліктің мерзімі аяқталғанына 10 күннен асып кетсе, оны онлайн ауыстыру мүмкін емес. Мұндай жағдайда азамат Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгінуі керек. Сондай-ақ жеке куәлік жоғалғанда, бүлінгенде, тегі немесе басқа жеке деректері өзгергенде құжатты рәсімдеудің бөлек тәртібі қолданылады. Жеке куәлікті тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген ХҚКО-да ауыстыруға болады.
Жеке куәлікті ауыстыру қанша тұрады?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке куәлікті алғаш рет рәсімдеу және қолданылу мерзімі аяқталғандықтан ауыстыру тегін жүргізіледі.
Ал құжатты басқа себептермен ауыстырғанда, заңда көзделген жеңілдіктер болмаса, 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді. Бұл 2026 жылы 865 теңгені құрайды. Жеке куәлікті стандартты тәртіппен дайындау мерзімі – 15 жұмыс күні. Қажет болған жағдайда құжатты қосымша ақы төлеп, жеделдетілген тәртіппен алуға болады. Онлайн өтініш берген азамат та дайын жеке куәлігін өзі таңдаған тіркеу пунктінен алады.
Айта кетейік, Қазақстанда жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі және оның қолданылу мерзімі 10 жылды құрайды. Сондықтан азаматтарға құжаттың жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп, оны уақытылы ауыстыру ұсынылады.


