NoFake

Жастар шетелге көп кететіні рас па: министр түсіндірді

Фото: Freepik.com

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қазақстан жастарының шетелге кету себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Министр Асқарбек Ертаевтың сөзінше бүгінде бірқатар Қазақстан жастары Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания елдерінде жұмыс істеп жүр.

«Жалпы бізде шетелде жұмыс істеп жатқан 150 мың Қазақстан азаматы бар. Оның 100 мыңы Ресей Федерациясында жұмыс істеп жатыр. 15 мың азамат Оңтүстік Кореяда еңбектеніп жүр. Сол сияқты Ұлыбритания елі бар», — деді ол.

Ведомство басшысы, министрліктің басты мақсаты — олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау екенін атап өтті.

«Мысалы, Кореяға келетін болсақ, үш сатылы процесс, APS (ред. Automated Processing System —
автоматтандырылған өңдеу жүйесі) жүйесіне ену бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бірінші кезеңнен өттік, екінші кезең бойынша қазір талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үшінші кезеңді биыл аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», — деді ол.

Министр сондай-ақ Қазақстан азаматтары не себепті шетелге жұмысқа көп кетіп жатқанын түсіндірді.

«Бұл жалғыз Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем бойынша көрініс тапқан жағдай. Әлемде қазір жастар шетелге көп шыққысы келеді, шетелдік тіл үйренгісі келеді. Сол жақта тәжірибе жинап, елге қайтқысы келеді. Басқа елдерге қарағанда, бізде көрсеткіш сондай жоғары емес. СІМ ұсынған соңғы деректер бойынша 150 мың адам шетелде жұмыс істейді», — деді ол.

Бұл ретте министр елеміздегі әр азаматтың шетелде оқуға және жұмыс істеуге құқысы бар екенін, министрлік оған тосқауыл бола алмайтынын атап өтті.

«Ай сайын жұмыс берушілер тек біздің порталда 102 мың бос орын жариялайды. Оның 48 пайызы жұмысшы мамандықтар. Жалақысын қарасақ, жоғары. Сол себепті біздің елде де жұмыс бар, бірақ жастар шетелге барғысы келеді. Оларды біз тоқтата алмаймыз, себебі олардың өз құқықтары бар. Біздің міндетіміз сол жастардың құқығын қорғау, сол жұмысты біз жалғастыратын боламыз», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін министр көші-қон саласына енгізіліп жатқан скоринг жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірген еді.

Оқу үшін