NoFake

Жаңа Парламентке не себепті «Құрылтай» атауы берілді: Президент түсіндірді

Фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы ҚР Құрылтайының бірінші сессиясында Президент жаңа Парламентке не себепті «Құрылтай» атауы берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Президент реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырғанын атап өтті.

«Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады. Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік», — деді ол.

Мемлекет басшысы бұл ретте, «бұл – өткенді көксеу емес» екенін, «бұл – тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру» екенін атап өтті.

«Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды. Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», — деді ол.

Ол бұл миссияны іске асыруға депутаттар белсене атсалысып, олардың ең алдымен ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет ететініне сенетінін жеткізді.

Оқу үшін