«Тегін Wi-Fi» және жалған QR-код: Алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдап жүр

Коллаж: NoFake.kz
QR-код арқылы төлем жасау, интернетке қосылу күнделікті дағдыға айналғаны соншалық, оны тексеру ойға келмейді, күмәнданбаймыз да. Алаяқтар адам бойындағы дәл осы салғырттықты тиімді пайдаланып, кафе, автотұрақтардағы QR-кодтың үстіне жалған код жабыстырып кетуі мүкін. Сонымен, «Тегін Wi-Fi» барлығы бірдей қауіпті ме? Astana IT University Киберқауіпсіздік мектебінің сеньор-лекторы Дәурен Сағидуллаұлынан сұрадық.
— Дәурен Сағидуллаұлы, жалған QR-код схемасы қалай жұмыс істейді және оны сканерлеген кезде смартфонға қандай қауіп төнуі мүмкін?
— QR-код — бұл жай ғана шифрланған сілтеме. Ол құрылғыға өздігінен вирус жұқтыра алмайды. Ал көшірген сілтеме қайда жетелейді, міне, мәселе осыда. Алаяқ «Free WiFi, сканерлеп, қосыл» деген жазуы бар жапсырма басып шығарып, оны орындыққа, бағанаға немесе күркелерге жабыстырып кетеді. Ол QR-кодты сканерлеген соң телефон бірден бұзылмайды. Сілтеме Wi-Fi желісіне қосылуға арналған жалған авторизация парақшаға жол сілтеуі мүмкін. Ол жерде интернетке қосылу үшін «сәйкестендіруден өт» деген сылтауымен телефон нөмірін, SMS-кодты немесе банк картасының деректерін енгізуді сұрайды. Бұл — кәдімгі фишинг. Екінші қауіп — алдыңыздан күмәнді сайт ашылады да, телефонға SMS-код, пароль және басқа да маңызды деректерді ұрлай алатын зиянды бағдарлама орнатылады.
Сонымен, сканерлеу процесінің өзі телефонды бір сәтте бұзып үлгермейді. Адам келесі қадамға өтіп, деректерді енгізгенде немесе қандай да бір файлды орнатқанда қауіп төнеді.
— Қауіп QR-кодтың өзінде ме, әлде біздің тексермей бірден сканерлейтін әдетімізде ме?
Бұл жердегі ең басты мәселе — алаяқтар банк жүйесін бұзсақ деп бас қатырмайды. Олар біздің психологиямызды, күнделікті әдеттерімізді зерттейді. Біз картасыз, тез төлей салғанды жақсы көреміз, таныс дизайнды көрсек, бірден сенеміз. Автотұрақта немесе кезекте тұрғанда асығып жүріп, көп әрекетті ойланбастан, автоматты түрде жасай саламыз. Алаяқтарға керегі де осы. Қазақстанда QR-кодпен төлем жасау өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Автобуста, дәмханада, көлік тұрағында оны күнде қолданамыз. Соның салдарынан сақтықты ұмытып, кез келген кодты ойланбай сканерлей беретін болдық. Әбден қалыптасқан әдет сыни тұрғыдан ойлауды төмендетеді. Сондықтан қауіп QR технологиясында емес, төлемді растамас немесе жеке деректерді жазбас бұрын «бұл қандай сілтеме?» деп тексермейтін бейқамдығымызда болып отыр.
— Қазақстанда ресми QR-кодтың үстіне жалған код жабыстырып кеткен нақты жағдайлар болды ма?
Иә, бұл — ойдан шығарылған қауіп емес, қаржылық сауаттылықты арттыру мамандары анықтаған мынадай нақты деректері бар. Үлкен қалалардың бірінде алаяқтар дәмханада үстелдегі QR-кодтың үстіне өздерінің жалған кодын жабыстырып кеткен. Тамақтануға келгендердің бірі QR-кодты сканерлейді де, тағам ақысын төлер кезде ұялы телефонына келген SMS-кодты жаза салады. Арада 20 минут өткенде оның шотынан 180 мың теңгеден астам ақша жымқырылған.
Көлік тұрағында да мынадай жағдай орын алған. Ер адам тұрақ терминалындағы QR арқылы әдеттегі 500 теңгесін төлемекші болады. Ашылған сайт бұрынғы сайттан еш айнымаған, тек адресіндегі бір ғана әріп өзгеше болған. Осылайша оның карта деректері алаяқтардың қолына түсіп, кейін шотынан ірі көлемде ақша ұрланған.
Үйлердің кіреберісіне «Сізге келген сәлемдеме жеткізілмей қалды, толық ақпарат алу үшін мына QR-кодты сканерлеңіз» деген жалған қағаздар жабыстырылған жағдайлар туралы да дерек бар. Тұрғындар жеткізуді қайта рәсімдейміз деп карта мәліметтерін жазған соң, алаяқтар ол ақшаға басқа сайттарда сауда жасаған. Көріп тұрғаныңыздай, бұл схемалар дәмхана, тұрақ және тіпті үйіміздің іргесінде де қолданылып жатыр.
— Көшедегі немесе дәмханадағы QR-кодтың жалған екенін қарапайым адам қалай ажырата алады?
— Кодты сканерлемес бұрын жапсырманың түріне мән беріңіз. Егер код тақтайшаның үстіне қисық жабыстырылса, қағазы немесе оның түсі өзгеше болса, айналасындағы заттарға қарағанда тым жаңа көрінсе, оны сканерлемеген дұрыс. Негізгі кодтың үстіне басқа код жабыстырылмағанына көз жеткізіңіз. Алаяқтар көбіне дайын кодтың үстіне өздерінікін желімдей салады. QR-кодты сканерлеген соң шыққан сілтеменің адресіне (URL) мән беріңіз. Ашылған парақшаны бірден мақұлдауға асықпаңыз. Телефон экранында ашылған сайттың адресін тексеріңіз. Ол міндетті түрде https протоколынан басталып, қасында құлып белгісі тұруы керек. Сондай-ақ атауында артық әріптер, сандар немесе қателер болмауын қараңыз. Мысалы, алаяқтар белгілі сайттардың атын бір әріпке өзгертіп қояды. Сосын QR-кодтың орналасқан жеріне мән беріңіз. Ресми терминалда немесе үстелде емес, көшедегі орындықта немесе бағанада тұрған белгісіз жапсырмаларға жоламаңыз. Егер сайт сканерлеген бойда бірден қандай да бір қосымша орнатуды сұраса, SMS-код талап етсе немесе картаның барлық деректерін, әсіресе артқы жағындағы үш таңбалы кодты енгізуді сұраса, бұл анық алаяқтық.
— Адам күмәнді кодты сканерлеп, алаяқтың тұзағына түсіп қалса ше, мұндай жағдайда не істеу керек?
-Егер карта деректерін жазып үлгерсеңіз немесе SMS-кодты енгізіп қойсаңыз, дереу банк қосымшасы арқылы немесе операторға қоңырау шалып, картаны бұғаттаңыз. Егер сол сайтта қандай да бір логин-пароль жазсаңыз, интернет-банкингтің, поштаңыздың және әлеуметтік желілеріңіздің құпия сөздерін тез арада өзгертіңіз. Барлық маңызды аккаунттарыңызға екі факторлы аутентификацияны қосып қойыңыз. Смартфондағы интернетті уақытша өшіріп, телефонды антивируспен тексеріңіз. Бұл қадамдар сілтеме арқылы байқаусызда вирус немесе бөгде бағдарлама жүктеліп кетсе, оның алдын алу үшін қажет. Және бұл жағдай туралы сол мекеменің әкімшілігіне айтыңыз. Олар жалған жапсырманы жұлып тастап, басқа адамдарды қорғай алады. Егер ақшаңыз шешіліп кеткен болса, уақыт созбай банкке транзакцияға наразылық білдіру туралы өтініш жазып, полицияға хабарлаңыз.
— Сұхбатыңызға рахмет!


