NoFake

Дубайда дипфейкті 91% дәлдікпен анықтайтын ЖИ жүйесі таныстырылды

Фото: bankinfosecurity.com

Дубайдың электрондық қауіпсіздік орталығы (DESC) дипфейк видеоларды анықтауға арналған Saraab жасанды интеллект моделін әзірледі. Жүйе видеодағы адамның бет-бейнесі мен басқа да элементтерді талдап, контенттің жасанды жолмен өзгертілгенін 91%-ға дейінгі дәлдікпен анықтай алады.

Бұл туралы BankInfoSecurity жазды. Saraab 16 қыркүйекте Дубайда өткен GISEC Global киберқауіпсіздік конференциясында таныстырылды. Жобаны әзірлеген DESC өкілдерінің айтуынша, бұл — араб әлеміндегі мемлекеттік орган жасаған осындай алғашқы модель.

«Saraab — Дубайда әзірленіп, оның шегінен тыс жерлерге де ықпал ете алатын шешімдер мен сараптамалық тәжірибе қалыптастыруға деген ұмтылысымыздың көрінісі», — деді DESC бас директоры Юсуф Хамад Әл-Шайбани.

Saraab дипфейкті қалай анықтайды?

Жүйе алдымен видеодағы адамдардың бет-бейнесін талдап, дипфейкке тән ұсақ ауытқулар мен белгілерді іздейді. Одан кейін видеоның шынайылығына жалпы баға береді. Сонымен қатар кадрдағы әр адамның бейнесін жеке тексеріп, оның неліктен дипфейк деп танылғанын түсіндіреді.

DESC өкілі Хасан Маджабтың мәліметінше, модельдің дипфейкті анықтау дәлдігі 91%-ға дейін жетеді.

Saraab-тың тағы бір ерекшелігі — оның бастапқы коды ашық болады. DESC жыл соңына дейін модельді Hugging Face платформасына зерттеу және оқытуға арналған лицензиямен орналастыруды жоспарлап отыр. Осылайша зерттеушілер, ЖИ әзірлеушілері мен киберқауіпсіздік мамандары жүйені жүктеп, сынап, әрі қарай жетілдіре алады.

«Оны кез келген адам жүктеп, пайдалана алады. Бір жылдан кейін дипфейк технологиялары әлдеқайда жетілген кезде, біреу осы модельді алып, оны одан әрі жақсарта алады», — дейді Хасан Маджаб.

Дипфейктер Дубайға да проблема болып отыр

Мұндай жүйенің жасалуы кездейсоқ емес. Дубайда дипфейк видеолардың таралуы бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 7 наурызда әлеуметтік желілерде Иранның зымыран соққыларынан кейін Дубай әуежайында адамдар дүрлігіп жатыр деген видеолар кең тараған.

AFP фактчекерлері бұл кадрлардың жалған екенін анықтады. Видеоларда адамның шыны қалқаның ішінен өтіп кетуі, чемодандардың өздігінен қозғалысы және әуежай кеңістігіндегі қисынсыз детальдар сияқты ЖИ-ге тән белгілер байқалған.

GISEC көрмесінде DESC Saraab-пен қатар тағы екі бастамасын таныстырды. Оның бірі — киберқауіпсіздік мамандарының білімі мен дағдыларын бағалауға арналған Dubai Cyber Skills Framework жүйесі. Екіншісі — мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік сектор мердігерлерінің киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеретін аудиторларды сертификаттау бағдарламасы. Бұған дейін жазғанымыздай, дипфейк технологиясы танымал адамдардың бейнесін рұқсатсыз жарнамаға пайдалану үшін де қолданылып жүр. Мәселен, америкалық блогер Эмили Шуман Фуллердің бейнесі оның келісімінсіз арықтауға арналған препараттар мен медициналық қызметтер жарнамасына пайдаланылған.

Оқу үшін