NoFake

«Аутизм гаджеттен емес»: Министрлік әлеуметтік желідегі мифтерге сенбеуге шақырды

Фото: depositphotos

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тарап жатқан аутизм туралы жалған мәлімдемелерге қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомство азаматтарды «аутизмді толық емдеу», «жалған аутизм» секілді ғылыми негізі жоқ ақпараттарға сенбеуге шақырды.

Министрліктің мәліметінше, аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) — халықаралық медициналық қауымдастық мойындаған нейродамудың ерекшелігі. Аутизм вакцинадан, гаджеттен немесе «дұрыс тәрбие бермеуден» пайда болмайды.

Сондай-ақ ведомство бүгінгі таңда аутизмді «тез әрі толық емдейтін» ғылыми дәлелденген әдіс жоқ екенін ескертті. Министрлік өкілдерінің айтуынша, күмәнді терапиялар мен жалған ғылыми тәсілдер ата-аналарды адастырып, балаға уақытылы кәсіби көмек көрсету мүмкіндігін азайтады.

«Бала үшін ең маңыздысы — ерте анықтау, уақытылы түзету жұмыстары, мамандардың тұрақты сүйемелдеуі және отбасының қолдауы», — деп атап өтті министрлік.

Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығы хайп пен манипуляцияның құралына айналмауы тиіс екенін айтып, азаматтарды тек дәлелді медицинаға сенуге шақырды.

Оқу үшін