NoFake

 «Зейнетақыңызды қайта есептейміз»: БЖЗҚ жаңа алаяқтық туралы дабыл қақты

Фото: Gov.kz

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) атын жамылған алаяқтықтың жаңа түрі белең алып жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қор бөлімшелеріне зейнетақы жарналарының дұрыс есептелмегені туралы хабарлама алған азаматтардан шағымдар жиілеп кеткен. Ресми органның мәліметінше, алаяқтар өздерін зейнетақы қорының маманы ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады.

 Алаяқтардың жаңа әдісі: SMS-код арқылы торға түсіру

Қаскөйлер азаматтарға хабарласып, «бірнеше жылдық еңбек өтіліңіз зейнетақы есептеу кезінде ескерілмей қалған, соның негізінде зейнетақы мөлшерін арттыруға болады» деп сендіреді. Сенімділікті арттыру үшін олар БЖЗҚ-ның нақты жұмыс істейтін бөлімшелерінің мекенжайын айтып, тұрғындарды қабылдауға шақырады.

 «Филиалға жүгінушілердің айтуынша, қызметті «жылдам, әрі ыңғайлы алу үшін» алдын ала электрондық кезекке қоямыз деп, SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды. Өкінішке қарай, мұндай кодтарды алаяқтарға хабарлап қойған азаматтар да бар», — дейді БЖЗҚ өкілдері.

Бұл кодтарды алу арқылы алаяқтар азаматтардың жеке кабинеттеріне, тіпті мобильді банкинг жүйелеріне қол жеткізе алады. БЖЗҚ қоңырау шалушы адамның сіз туралы ақпаратты (ЖСН, аты-жөні, жұмыс орны) білуі оның ресми қызметкер екенін білдірмейтінін, мұндай деректер ашық көздерден алынуы мүмкін екенін ескертеді.

«БЖЗҚ қызметкерлері қоңырау соқпайды, телефон арқылы, электрондық пошта немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректемелерін және өзге де құпия ақпаратты ешқашан сұрамайды. БЖЗҚ барлық қызметтерді тегін көрсетеді. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң тәртіппен жүзеге асырылады», — дейді зейнетақы жинақтаушылар.

Өзіңізді алаяқтардан қалай қорғауға болады?

«Қырағы болып, жақындарыңызды, әсіресе егде жастағы туыстарыңызды алаяқтардың әрекетінен қорғаңыз!» — делінген БЖЗҚ таратқан ресми ескертуде.

Сондай-ақ, мамандар мынадай  қауіпсіздік ережелерін ұсынады:

SMS-кодтарды жасырын ұстаңыз: Ұялы телефоныңызға келген құпия кодтарды және жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз.

Тұтқаны бірден қойыңыз: Әңгіме барысында телефон арқылы SMS-код сұрала бастаған сәтте күмәнсіз қоңырауды бірден тоқтатыңыз.

Ақпаратты тексеріңіз: Кез келген мәліметтің дұрыстығын тек ресми арналар (БЖЗҚ байланыс орталығы, ресми сайт немесе мобильді қосымша) арқылы қайта тексеріңіз.

Құқық қорғау органдарына жүгініңіз: Егер алаяқтық белгілері байқалса немесе зардап шексеңіз, шұғыл түрде полицияға хабарласыңыз.

Оқу үшін