Подъезд бен лифтіге партиялардың үгіт материалдарын орналастыруға бола ма

Фото: intermediarf.com
Әлеуметтік желіде елордадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің подъездері мен лифтілеріне партиялардың үгіт материалдары ілініп жатқаны туралы ақпарат тарады. Желі қолданушыларының бірі мұны заңсыз деп мәлімдеген. Подъезд бен лифтіге мұндай үгіт материалдарын орналастыруға бола ма? NoFake.kz заң талаптарын зерттеп көрді.

Үгіт парақшасын подъезге жапсыруға бола ма: Заң не дейді?
ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, үгіт материалдарын орналастыратын орындарды жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларымен бірлесіп белгілейді. Сайлау кезінде үгіт материалдарын подъездерге немесе тұрғын үйлердің қасбеттеріне рұқсатсыз жапсыруға болмайды. Мұндай материалдарды орналастыру үшін заңда белгіленген орындар пайдаланылуы тиіс немесе нысан иесінің келісімі алынуы қажет. Сондықтан партиялар мен олардың жақтастары үгіт жүргізу барысында материалды қай жерге және қандай негізде орналастырып жатқанын ескергені жөн. Заң талаптарын сақтамау сайлау заңнамасын бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
Үгіт материалының талаптары қандай?
Бұдан бөлек, үгіт материалдарының өзіне де белгілі бір талаптар қойылады. Мысалы, онда материалды дайындаған ұйым, басып шығарылған орны, таралымы, тапсырыс беруші және оның кімнің қаражаты есебінен төленгені туралы ақпарат көрсетілуі керек. Анонимді үгіт материалдарын таратуға жол берілмейді.
Үгіт қашан тоқтатылуы керек?
Сайлау алдындағы үгіт дауыс беруге бір күн қалғанда және дауыс беру күні жүргізілмейді.
Ал оған дейін заң талаптарына сәйкес орналастырылған үгіт материалдары сайлау комиссиялары мен дауыс беру орындарының ғимараттарынан тыс жерде сақталуы мүмкін. Яғни, партияның үгіт парақшасын подъезге жапсыруының өзі заң бұзушылық болып табылмайды деуге болмайды. Мұнда ең бастысы — материалдың нақты қай жерге және қандай негізде орналастырылғаны.


