NoFake

ТЖМ қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері қалай тағайындалады – Министрлік түсіндірді

Фото: ҚР ТЖМ

Әлеуметтік желілерде құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметі мамандарына тұрғын үй төлемдерінің әділетсіз берілетіні және оны бәрі бірдей алмайтыны туралы ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас? NoFake.kz ТЖМ хабарласып, тұрғын үй төлемдерін тағайындау тәртібіне Даурен Сабыраев мәлімдеді.

Мұндай тәртіп Қорғаныс министрлігінде, Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және басқа да күштік құрылымдарда бірыңғай қолданылады.

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Атап өту қажет, кез келген қызметкерді қызметтік тұрғын үйге мұқтаж деп тану мәселесі бізде бірінші кезекте тұрғын үй қатынастары туралы заңмен, екінші кезекте күштік құрылым қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидалары бар. Яғни бұл Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Кез келген тұрғын үйге мұқтаж деп тану мәселесі осы екі құжат негізінде айқындалады», — деді Даурен Сабыраев.

Тұрғын үйге мұқтаж деп тану критерийлері

Қызметкерлерге төлем алу үшін арнайы комиссияға рапорт (баянат) жазып жүгіну қажет. Тұрғын үйге мұқтаж деп танылу үшін қызметкер келесі екі шартқа сай келуі тиіс.

 «Қызметкерлер тұрғын үйге мұқтаж деп танылады егерде ол қызметін өткеріп отырған елді мекенде оның меншік құқығында тұрғын үй болмайтын болса, екіншіден, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жаймен қамтамасыз етілмеген болса, қызметкерлер тұрғын үйге мұқтаж деп танылады. Сонымен қатар, қызметкерлер осы екі критерийге сәйкес келетін болса, онда оларға құқық беріледі. Яғни олар бізге өздері жүгінеді. Баянаттарын береді. Баянаттарында көрсетеді, мені қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіңіз, немесе маған тұрғын үй төлемдерін тағайындаңыз деп», — деп түсіндірді ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаменті басқармасының бастығы Дәурен Сабыраев.

Әрбір аумақта арнайы тұрғын үй комиссиялары жұмыс істейді. Олар құжаттарды зерделеп, заң талаптарына сәйкес келген жағдайда қызметкерді мұқтаж деп танып, тиісті төлемдерді тағайындайды.

«Егерде қызметкер тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы баянатымен жүгінген уақытта оның меншік құқығында ипотекалық рәсіммен пайда болған меншік құқығында тұрғын үй болатын болса, ол қызметкер тұрғын үйге мұқтаж деп танылмайды. Себебі оның меншік құқығында тұрғын үй бар», — деп нақтылады ТЖМ өкілі.

Төлемдерді алмайтын санаттар:

Заңға сәйкес, қызметкер келесі жағдайларда тұрғын үйге мұқтаж емес деп танылады:

Өзі қызмет атқаратын елді мекенде меншік құқығында тұрғын үйі болса;

Меншік құқығындағы үйін сатқанынан бері бес жыл уақыт өтпеген болса;

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алған болса;

Меншік құқығындағы тұрғын үйі ипотекалық рәсіммен рәсімделген болса.

Төлем мөлшері қалай есептеледі?

Дәурен Сабыраев тұрғын үй төлемдерінің мөлшері әр өңірде әртүрлі болып келетінін айтты. Оны статистика саласындағы уәкілетті орган сол аумақтағы тұрғын жайды жалдаудың 1 шаршы метрінің құнына сәйкес айқындайды.

«Мысал ретінде Астана, Алматы қалаларында ол жүз мыңнан астам болатын болса, басқа региондарда 70-80 мың болуы мүмкін. Және ол төлем қызметкердің өзіне, жұбайына және әрбір баласына 18 жасқа дейін төленеді», — деді ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаменті басқармасының бастығы Дәурен Сабыраев.

Бұл қаражат әр ай сайын түсіп отырады және қызметкер оны ипотекалық міндеттемелерін жабуға немесе баспана жалдауға жұмсай алады. Айта кетейік, бұған дейін біз «Қазақстандық құтқарушылардың әлеуметтік қорғалуы жеткіліксіз екені рас па?» деген сауалға жауап бердік.

Оқу үшін