NoFake

Қазақстандық құтқарушылардың әлеуметтік қорғалуы жеткіліксіз екені рас па

Фото: ТЖҚ баспасөз қызметі

Қоғамда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы басқа әскери сала қызметкерлеріне қарағанда төмен, ал әлеуметтік қолдау деңгейі жеткіліксіз деген пікір жиі айтылады. NoFake.kz бұл пікір қаншалықты рас екенін анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласып, азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін анықтады.

Министрлік редакциямызға берген жауабында қазақстандық өрт сөндірушілер 2023 жылдан бастап жоғары жалақы, тұрғын үй төлемдерін және өзге де әлеуметтік кепілдіктерді ала бастағанын мәлімдеді. 2023 жылдан бері олардың жалақысы 77%-ға өскен. Бұл ретте төлемдердің мөлшері қызметкердің лауазымына, санатына және қызмет шарттарына байланысты есептеледі.

«Заңнамалық өзгерістердің арқасында бүгінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері әлеуметтік қолдау деңгейі жағынан басқа күш құрылымдарының қызметкерлерімен тең деңгейде тұр деп сенімді түрде айта аламыз. Өйткені бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі жұмыс істейді. Егер бір ведомствода белгілі бір санаттағы қызметкердің жалақысы өссе, мұндай өсім басқа күш құрылымдарындағы осындай санаттағы қызметкерлерге де қатысты болады. Сондықтан ІІМ-де әлеуметтік жағдай жақсы, ал ТЖМ-де нашар деу – қате. Жалақы мөлшері қызметкердің лауазымы мен санатына байланысты, ал төтенше жағдайларға жедел ден қойғаны және санаттық біліктілігі үшін қосымша үстемеақылар төленеді», — деді ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаменті басқармасының бастығы Дәурен Сабыраев.

Сондай-ақ, министрлік өкілі төтенше жағдай аймағында жұмыс істейтіндер үшін жеке ережелер қарастырылғанын айтты. Егер қызметкер ресми түрде тиісті режим жарияланған аумақта ТЖ салдарын жоюға қатысса, мұндай жұмыстың әрбір күні еңбек өтіліне үш күн болып есептеледі.

Мамандарға қызмет бабымен басқа жаққа ауысқан кезде де қолдау көрсетіледі. Егер қызметкер басқа елді мекенге 50 километрден астам қашықтыққа ауыстырылса, оған екі айлық мөлшерінде төлем беріледі. Әрбір отбасы мүшесіне оның айлық шығынының жартысы қосымша төленеді. Жол жүру мен мүлікті тасымалдау шығындарын да мемлекет өтейді.

Қолдаудың ең маңыздысы — тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 16 мыңнан астам азаматтық қорғау органының қызметкері мен олардың отбасы мүшелері тұрғын үй төлемдерін алып отыр. Бұдан бөлек, өрт сөндіру деполарының жанында қызметкерлер қызмет атқару кезінде пайдалана алатын қызметтік пәтерлер бар.

«Тұрғын үй төлемдері қызметкерлердің арнайы шоттарына ай сайын түсіп отырады. Бұл қаражатты тұрғын үй жалдауға, сатып алуға, ипотека төлеуге немесе кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға пайдалануға болады. Сонымен қатар өрт сөндіру деполарының жанында қызметтік тұрғын үйлер бар. Қызметкерлер онда тегін тұрып, тек коммуналдық қызмет ақысын ғана төлейді. Қазір бұл пәтерлер жаңартылып, жиһаздары мен техникалары ауыстырылып жатыр», — деп түсіндірді Сабыраев.

Осылайша, бүгінгі таңда азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік тұрғыдан төмен қорғалғаны деген пікірдің негізсіз екенін көруге болады. Соңғы жылдары олардың мәртебесі айтарлықтай өзгеріп, қызмет ету шарттары басқа күш құрылымдарындағы жағдайларға жақындады. Бұл жекелеген жеңілдіктер туралы емес, қызметкерлер мен олардың отбасыларын қолдаудың қалыптасқан жүйесі туралы айтуға мүмкіндік береді.

Оқу үшін