NoFake

TikTok-та Англияға жұмысқа жіберемін деп 10 адамды алдаған астаналық сотталды

Иллюстрация: Depositphotos

Астанада TikTok арқылы Англияға жұмысқа орналастыруға уәде беріп, азаматтарды алдаған тұрғынға сот үкімі шықты.

Бас прокуратура мәліметінше, оның әрекетінен 10 адам зардап шегіп, келтірілген шығын 1 млн теңгеден асқан. Тергеу мәліметінше, сотталған азамат TikTok әлеуметтік желісінде Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруға көмектесетіні туралы жарнама жариялаған. Әлеуметтік желі арқылы азаматтармен хат алмасып, кеңес бергендей әсер қалдырған. Кейін сауалнамалар толтыруды ұсынып, қызмет ақысы ретінде ақша аударуды талап еткен.

«Алайда қаражатты алғаннан кейін өзіне алған міндеттемелерін орындау ниеті болмай, жәбірленушілердің ақшасын жеке пайдасына жаратып отырған», – деп мәлімдеді прокуратура.

Мемлекеттік айыптауды елорда прокуратурасы қолдады. Сотта ұсынылған дәлелдемелердің негізінде айыпталушының кінәсі толық дәлелденді.

«Сот сотталушының кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, бұрын сотталмағанын және келтірілген материалдық шығынды ерікті түрде өтегенін ескере отырып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», – делінген хабарламада.

Сот үкіміне сәйкес, сотталғанға пробациялық бақылау белгіленді. Оған пробация қызметінің келісімінсіз тұрғылықты жері мен жұмыс орнын өзгертуге, алкоголь өнімдері сатылатын ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Сондай-ақ жұмыссыз болған жағдайда жұмыспен қамту органдарына тіркелуге және түнгі уақытта (22:00–06:00) үйден шықпауға міндеттелді.

Бұдан бөлек, тұрақты жұмыс орны немесе оқу орны болмаған жағдайда, ол жаза мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Прокуратура азаматтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде тек ресми ақпарат көздеріне, лицензиясы бар кадр агенттіктеріне және уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпаратына ғана сенуге шақырды.

Оқу үшін