NoFake

«Таксиден беріп жіберген»: СҚО полицейлері зейнеткердің 2 млн теңгесін қайтарды

Фото: Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер телефон алаяқтарының арбауына түсе жаздаған зейнеткердің 2 миллион теңге көлеміндегі жинағын сақтап қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгісіз адамдар зейнеткерге телефон шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелдің атына шетелге заңсыз ақша аударылғанын айтып, осыған байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізген.

Әңгіме барысында әйел депозитінде 2 миллион теңге жинағы бар екенін айтып қойған. Осыдан кейін алаяқтар ақшаны дереу шешіп алып, «тергеу үшін» өткізу қажет деп сендірген.

Зейнеткер олардың айтқанын орындап, банктен барлық қаражатын қолма-қол алған. Кейін қаскөйлер ақшаны басқа заттармен бірге қорапқа салып, такси жүргізушісі арқылы жіберуді тапсырған. Сондай-ақ жүргізушіге бұл Астанадағы әпкесіне арналған сыйлық екенін айту қажеттігін ескерткен.

Алайда көлікте отырған жолаушы жағдайдың күмәнді екенін байқап, бірден полицияға хабар берген. Сол уақытта такси Петропавлдан шығып кеткен еді. Полицейлер көлікті Аралағаш ауылы маңындағы жолда тоқтатып, қораптағы 2 миллион теңгені тәркілеген.

Нәтижесінде барлық қаражат заңды иесіне қайтарылды.

Оқу үшін