Солтүстік Кипрде жараланған 22 жастағы қыз қазақстандық емес — СІМ

Фото: Jagdai.kz
Сыртқы Істер министрлігінің мәліметіне сәйкес Солтүстік Кипрде жараланған 22 жастағы қыз Қырғызстан азаматы, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алайда бойжеткеннің ұлты — қазақ. Бұған дейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің Қазақстан азаматы екені айтылған болатын.
«Деректерді нақтылау барысында жәбірленушінің Қазақстанда туғаны, бірақ Қырғыз Республикасының азаматы екені анықталды», — деп хабарлады СІМ өкілдері редакциямызға берген жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін 3 тамызда күндізгі уақытта Никосия (Левкоша) қаласындағы «Metropol Market» супермаркетінде белгісіз ер адам дүкен ішінде 22 жастағы Жанерке Абдразақоваға кенеттен шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ сұққаны жайлы ақпарат тараған болатын. Күдікті қызға ауыр жарақат салғаннан кейін, өзіне де пышақпен жарақат келтірген.
Қазір жергілікті полиция оқиғаның мән-жайын және қылмыстың нақты себебін анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.


