Смартфоннан Wi-Fi-ға дейін: күнделікті өмірде қандай цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау керек

Фото: Depositphotos
Бүгінде жеке мәліметтер цифрлық ортаға көшкен. Сондықтан киберқауіпсіздікті әр адам күнделікті әдетке айналдыруы тиіс. Осыған орай, ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі азаматтарға қарапайым дағдыларды есте сақтауға кеңес береді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бір құпиясөзді бірнеше аккаунтқа қолданбаңыз
Көптеген адам есте сақтауды жеңілдету үшін бір құпиясөзді бірнеше сервисте пайдаланады. Алайда олардың біреуін алаяқтар біліп алса, олар логин мен құпиясөз арқылы басқа аккаунттарға да кіруге әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан маңызды сервистердің әрқайсысына жеке әрі күрделі құпиясөз қолданған жөн. Мүмкіндік болса, екі факторлы аутентификацияны қосу қажет.
Бұл ретте электрондық поштаға ерекше назар аударған дұрыс. Себебі көптеген сервистердегі аккаунтқа кіруді қалпына келтіру сілтемесі электрондық поштаға жіберіледі.
Күдікті сілтемелерді ашуға асықпаңыз
Алаяқтар әрдайым техникалық жолмен шабуыл жасамайды. Көбіне олар адамның сеніміне кіріп, қажетті ақпаратты өз еркімен беруге мәжбүрлейді. Мысалы, «сәлемдемеңіз кешікті», «сіздің атыңызға несие рәсімделді», «төлемді алу үшін сілтемеге өтіңіз», «кодты айтып жіберіңіз» деген хабарламалар келуі мүмкін.
Мұндай жағдайда ең басты ереже – алдымен тексеріп, содан кейін ғана әрекет ету.
«Егер хабарлама банк атынан келсе, сілтемеге өтпей, банктің ресми қосымшасын өзіңіз ашқан жөн. Жеткізу қызметінен хабар келсе, тапсырыстың мәртебесін оның ресми сайтынан немесе қосымшасынан тексеруге болады. Ал танысыңыз ақша сұраса, оған өзіңіз қоңырау шалып, хабарламаның рас-өтірігін анықтаған дұрыс», — делінген агенттік хабарламасында.
Әлеуметтік желідегі ақпарат та алаяқтарға көмектесуі мүмкін
Адамдар әлеуметтік желіге өздері туралы көп мәлімет жариялайды. Туған күн, жұмыс орны, отбасы мүшелері, баланың оқитын мектебі, көлік нөмірі, демалыста жүрген жері немесе нақты геолокация – мұның бәрі қауіпсіз көрінуі мүмкін. Алайда бірнеше дерек біріктірілген кезде адам туралы толық ақпарат қалыптасады. Алаяқтар мұны кейін қоңырау немесе хабарламаны барынша сенімді етіп көрсету үшін пайдалануы ықтимал. Агенттік әлеуметтік желідегі парақшаңызға сырт адамның көзімен қарап, өзіңіз туралы қандай ақпараттың ашық тұрғанын тексеріп тұруға кеңес береді.
Қосымшаларға берілген рұқсаттарды тексеріңіз
Кейбір қосымшалар камераға, микрофонға, контактілерге, фотосуреттерге немесе геолокацияға қол жетімділікті сұрайды. Сондықтан смартфондағы қосымшалардың қандай рұқсаттарға ие екенін тексеріп отыру керек. Қосымшаның жұмысына қажет емес қолжетімділікті өшіруге болады.
Сонымен қатар бағдарламалар мен операциялық жүйені уақытында жаңартып отырған дұрыс. Жаңартулардың ішінде жаңа функциялармен қатар бұрын анықталған қауіпсіздік осалдықтарын түзету де болуы мүмкін.
Жұмыс кезінде де қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз
Киберқауіпсіздікке жұмыс орнында да жауапкершілікпен қарау қажет. Мысалы, басшы атынан әдеттен тыс хабарлама келуі, әріптес пароль сұрауы немесе жұмыс құжатын жеке электрондық поштаға жіберу ұсынылуы мүмкін. Мұндай әрекеттердің әрқайсысы ақпараттың сыртқа шығу қаупін арттырады.
«Жұмыс аккаунты арқылы ішкі жүйелерге, құжаттарға және басқа қызметкерлердің деректеріне қол жеткізуге болатындықтан, парольдерді ешкімге бермеу, қажетсіз жағдайда жұмыс файлдарын жеке сервистерге жібермеу және компьютерден кеткен кезде оны бұғаттау маңызды», — делінген хабарламада.
Әсіресе «шұғыл түрде жасаңыз», «ешкімге айтпаңыз», «қазір ашыңыз» немесе «кодты жіберіңіз» деген талаптарға мұқият болған жөн.
Тегін Wi-Fi қауіпті ме?
Әуежайда, қонақүйде, сауда орталығында немесе дәмханада тегін Wi-Fi пайдалану ыңғайлы. Алайда мұндай желілер арқылы банк операцияларын жүргізу немесе маңызды құжаттарды жіберу қауіпсіз болуы мүмкін. Маңызды операциялар қажет болса, мобильді интернетті немесе сенімді желіні пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ смартфонның бейтаныс Wi-Fi желілеріне автоматты түрде қосылу функциясын өшіруге болады. Желінің атауы оның шынымен белгілі бір мекемеге тиесілі екенін білдірмейді.
Смартфонды қорғау да маңызды
Бүгінде телефонның жоғалуы тек байланыс нөмірлерінен айырылу деген сөз емес. Смартфонда банк қосымшалары, электрондық пошта, фотосуреттер, құжаттар, жұмыс чаттары және түрлі сервистерге кіру мүмкіндігі сақталуы мүмкін. Сондықтан телефонға экранды бұғаттау функциясын орнатып, маңызды ақпараттың резервтік көшірмесін жасап қойған жөн. Сонымен бірге құрылғы жоғалған жағдайда оны қашықтан бұғаттау немесе табу функциясының қалай жұмыс істейтінін алдын ала білген дұрыс. Егер телефон жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай SIM-картаны және құрылғыны бұғаттап, маңызды аккаунттардағы белсенді сеанстарды тоқтатқан жөн. Қажет болған жағдайда банкке де хабарласу керек.
Түйін
Цифрлық қауіпсіздік күрделі техникалық шаралардан ғана тұрмайды. Көп жағдайда алаяқтар адамның қарапайым әдеттерін – бір құпиясөзді қайталап қолдануын, күдікті сілтемені тексермей ашуын немесе әлеуметтік желіде тым көп ақпарат жариялауын пайдаланады. Сондықтан интернеттегі қауіпсіздіктің ең қарапайым қағидасы – ақпаратты тексермей сенбеу, қажетсіз деректерді жарияламау және аккаунттар мен құрылғыларды қорғау.


