Сим-бокстардың қаупі неде: Бас прокуратура ескертті

Иллюстративное фото: gov.kz
Қазақстанда сим-бокстарды лицензиясыз әкелуге, сатуға және пайдалануға тыйым салынған. Бас прокуратура мұндай құрылғылардың алаяқтардың қолына түсуі жаппай қоңырау шалуға және азаматтардың ақшасын жымқыруға жағдай жасайтынын ескертті.
2025 жылғы 30 тамыздан бастап Қазақстанда сим-бокстардың заңсыз айналымына заңнамалық тыйым енгізілген.
«Байланыс туралы» заңға сәйкес, GSM-шлюздерді әкелуді, тіркеуді, өткізуді және қолдануды байланыс қызметтерін көрсету саласында лицензиясы бар байланыс операторлары ғана жүзеге асыра алады. Алайда Бас прокуратураның мәліметінше, кейбір азаматтар мен телекоммуникациялық жабдық сататын дүкендер мұндай құрылғыларды лицензиясыз әкеліп, сатуды және пайдалануды жалғастырып келеді.
«Бұл алаяқтарға шетелден жергілікті нөмірлер арқылы қоңырау шалуға және қоңыраудың нақты қайдан жасалғанын жасыруға мүмкіндік береді. Мұндай жабдықтың қылмыскерлердің қолына түсуі жаппай алаяқтық қоңыраулар жасауға және ақша жымқыруға жағдай туғызады», – деп ескертті Бас прокуратура.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында OLX сайтында төрт слотты GSM-шлюзді 120 мың теңгеге сатуға қойған азамат анықталған. Сот оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған. Құрылғы тәркіленіп, кейін жойылған. Бас прокуратура тыйым күшіне енгенге дейін GSM-шлюз сатып алған азаматтарға да түсініктеме берді.
«Олар аталған құрылғыларды одан әрі пайдалану және оларға қатысты өзге де әрекеттер жасау тәртібін анықтау үшін уәкілетті органға жүгінуі қажет. Тиісті түсіндірмелер алынғанға дейін сим-бокстарды пайдалануға болмайды», – делінген хабарламада.
Сим-бокстарды заңсыз пайдалануға байланысты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 213-бабы бойынша жекелеген заңсыз әрекеттер үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделуі мүмкін.


