Шымкент полициясы жүргізушінің орнына полицей қол қойғанын жоққа шығарды

Скрин видеодан
Әлеуметтік желілерде Шымкентте көлік жүргізушісіне айыппұл рәсімдеу кезінде оның орнына полиция қызметкерлері планшетке қол қойылғаны айтылған видео кеңінен тарады. Шымкент қаласының Полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Видео авторының айтуынша, көлік тоқтатылғаннан кейін полиция қызметкерлері планшет арқылы әкімшілік хаттама рәсімдеп, содан кейін полицейлердің бірі оның орнына өзі қол қойған.
Ведомствоның мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, тексеру барысында жол қозғалысы ережесінің бұзылғанын анықтаған. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Полиция департаменті қызметкер жүргізушінің орнына әкімшілік хаттамаға қол қойды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Жүргізуші өзіне қатысты анықталған құқық бұзушылықпен келіспей, хаттамаға қол қоюдан бас тартқан. Осыған байланысты полиция қызметкері хаттамаға жүргізушінің келіспейтінін және қол қоюдан бас тартқанын тиісті түрде жазбаша түрде белгілеген», – деп түсіндірді полиция.
Департаменттің хабарлауынша, әкімшілік материал белгіленген тәртіппен рәсімделген.


