NoFake

Қыздар да әскерге шақырылуы мүмкін — дезинформация

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желілер мен отандық арналардың бірінде Қазақстанда жақын арада қыздар да әскерге міндетті түрде шақырылуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Сюжетте журналист бұл мәлімдемені экс-министр Мұхтар Алтынбаевтың ұсынысымен байланыстырған. Редакциямызға Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Айгерім Ағылтаева хабарласып, аталған мәліметтің дезинформация екенін мәлімдеді.

«Сюжеттің кіріспесінде «қыздар да әскерге шақырылуы мүмкін» деген мәлімдеме айтылады. Алайда бұл – экс-министр Мұхтар Алтынбаевтың сөзін қате түсіндіруден туындаған дезинформация», – деді министрлік өкілі Айгерім Ағылтаева.

Қорғаныс министрлігі берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан армиясының қатарында 7 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Олардың мыңға жуығы – офицер, ал 6 мыңнан астамы – келісімшарт бойынша әскери қызметші. Сонымен қатар 11 әйел басшылық лауазым атқарады. Заңда қыздарды әскерге мәжбүрлеп шақыру туралы ешқандай норма жоқ,- дейді министрлік.

«Қолданыстағы заңнамада әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру көзделмеген және қазіргі уақытта мұндай норманы енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бүгінде әйел әскери қызметшілер Қарулы күштердің барлық түрлерінде (медицина, байланыс, заң, авиация және арнайы мақсаттағы бөлімшелерде) тек өз қалауымен, яғни келісімшарт негізінде ғана табысты еңбек етіп жүр. Ал Қарулы күштермен келісімшарт жасасуға ниет білдірген азаматтар (оның ішінде қыз-келіншектер) әскери қызметке қабылдану тәртібі туралы толық ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімге жүгіне алады»,- делінген хабарламада.

Түйін

Қазақстанда әйелдерді әскерге міндетті түрде шақыру жоспарланып жатқан жоқ. Желідегі ақпарат экс-министрдің сөзін қате түсіндіруден туындаған. Қыздар армияда тек өз еркімен, келісімшарт арқылы ғана қызмет ете алады.

Оқу үшін