NoFake

Құрылтайдың құрамында кімдер бар және жас депутат көбейгені рас па

Коллаж: Nofake.kz

Құрылтай сайлауының нәтижесі бойынша 5 партияның өкілдері Құрылтай депутаттары қатарына өтті. Жаңа құрамның орташа жасы қанша, Құрылтайға тек «жастар өтті» деген ақпарат рас па, олардың мамандығы қандай деген сауалдарға жауап іздеп, Құрылтай құрамына шолу жасадық.

Әлеуметтік желіде «Құрылтай депутаттары құрамына тек жастар өтті» деген пікір жиі кездеседі.

Скриншот: әлеуметтік желі

Аталған ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін, редакция Құрылтай депутаттарының орташа жасын есептеді. Алдымен Құрылтайда ең көп мандат жинаған «Әділет» партиясының кандидаттарын зерттеп көрдік. Естеріңізде болса, партиядан Құрылтайға 110 адам өтті. Депутаттардың орташа жасы — 47 жас.

«Әділет» партиясынан ең жас депутат кім?

Ең жас депутат — Дидарбек Ділдәбек пен Ақерке Ескендірова. Қос депутат та — 1997 жылғы, жасы — 27-де. Дидарбек Ділдәбек — Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келсе, Ақерке Ескендірова — Тараз қаласының тумасы. Сол сияқты Павлодар өңірінде дүниеге келген — Русана Сулаймонованың да жасы 27-де. Олар бұған дейін әр жылдары жастар саясаты, білім салаларында еңбек еткен.

Ең үлкені кім?

«Әділет» партиясынан сайланған депутаттардың ішінде ең жасы үлкені — Сергей Пономарев. Ол 1961 жылғы, жасы — 65-те. Екінші — Нұрлан Дулатбеков, 1962 жылы дүниеге келген. Жасы — 64-те. Сол сияқты «Әділеттен» өткен Құрылтай «ақсақалдары» қатарында Марат Қожаев (62 жаста), Марат Башимов (60 жас) бар.

Ерлер мен әйелдердің үлесі

Партия ұсынған 110 депутаттың 37-сі әйел, бұл жалпы құрамның 33,6 пайызы. 13 депутат – жас, ал 2 депутат – мүгедектігі бар азамат. Құрамдағы 21 адам өзге этнос өкілі. Депутаттардың орташа жасы – 47 жас. Жаңа Құрылтай құрамында бұған дейін мемлекеттік және қоғамдық қызметте болған азаматтар да бар. Олардың қатарында: Ұлттық Құрылтайдың бұрынғы 13 мүшесі;
Мәжілістің 20 экс-депутаты; Сенаттың 4 экс-депутаты; Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі; Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 4 мүшесі; Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 5 мүшесі;
Мәслихаттардың 26 депутаты бар. Сонымен қатар, Құрылтайға әртүрлі сала мамандары кірді. Олардың арасында 3 эколог, 2 волонтерлік қозғалыс өкілі және IT саласының 4 маманы бар.

Депутат — журналистер

Құрылтайға 11 журналист барады. Олардың кейбірінің мамандығы басқа болса да, БАҚ саласына тікелей қатысы бар. Олар: Дихан Қамзабекұлы, Жанарбек Әшімжан, Максим Рожин, Сергей Пономарев, Армангүл Тоқтамұрат, Ирина Тен, Жарқынбек Амантайұлы, Ләззат Қожахмет, Қарлығаш Жаманқұлова, Ерлан Тоқшылық, Мақсұт Нәсібұлов. Депутаттардың 10-ы «Әділет» партиясынан болса, 1-еуі — ЖСДП партиясынан.

Құрылтайға блогерлер мен әншілер өтті ме?

Жоқ, Құрылтай депутаттары қатарына бұған дейін мәлімделген Аша Матай, Тамара Асар сынды әншілер өтпеді. Себебі, қос әнші үміткер ретінде ұсынылған Қазақстанның халық партиясы дауыс беру нәтижесінде тиісті дауыс жинай алмады. Сәйкесінше, екі үміткер де депутат қатарына енбеді.

Түйін

Осылайша, «Әділет» партиясынан Құрылтайға өткен 110 депутаттың орташа жасы — 47 жас. Олардың арасында 27 жастағы ең жас депутаттар да, 60 жастан асқан тәжірибелі өкілдер де бар. Партия құрамында әйелдер, жастар, түрлі этнос өкілдерімен қатар журналистика, білім, мемлекеттік қызмет, IT және басқа да салалардың мамандары қамтылған.

Редакцияның талдауы Құрылтай құрамының жас ерекшелігі мен кәсіби бағыты бойынша алуан түрлі екенін көрсетті.

Оқу үшін