NoFake

Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады: ол немен айналысады

Фото: NoFake.kz

Бүгін Астанада өткен Құрылтай cессиясында депутат Айдос Сарым Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру бастамасын ұсынды. Палатаға 50 адам енеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Nofake.kz.

Қоғамдық палата не үшін құрылады?

Ұсыныс авторларының айтуынша, жаңа алаңның негізгі мақсаты — Құрылтай депутаттарының сарапшылармен, ғалымдармен, азаматтық қоғам, кәсіби ұйымдар және өңірлер өкілдерімен тұрақты диалог жүргізуіне мүмкіндік беру.

Палата қызметін Сенат мен Мәжілісте не атқарды?

Мұндай тәжірибе бұған дейін Парламентте де болған. Соңғы жылдары бұл жұмысты Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы жүргізді.

Бұл алаңдарда заң жобалары мен қоғамды толғандырған өзекті мәселелер сарапшылардың қатысуымен талқыланды.

Заң жобалары «нөлдік оқылымда» талқыланады — ол не?

Қоғамдық палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық талдау жүргізу. Мұны заң жобасын әзірлеудің бастапқы кезеңінде, яғни «нөлдік оқылым» кезінде өткізу ұсынылып отыр. Бұл кезеңде құжаттың негізгі ережелерін талқылап, қажет болған жағдайда оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Сондай-ақ сарапшылардың ұсыныстары мен ескертулерін заң жобасы дайын болмай тұрып ескеруге мүмкіндік береді. Яғни қоғамға дайын шешімді ғана таныстыру емес, заңнамалық ұсыныстар қалыптасып жатқан кезде азаматтық қоғам өкілдерінің пікірін ескеру көзделеді.

Палатаға кімдер кіреді?

Қоғамдық палатаны 50 адамнан құру ұсынылады. Оның құрамына Құрылтайдағы барлық саяси партиялар фракцияларынан депутаттар, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастығының өкілдері, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері, өңірлердің өкілдері, түрлі салалардың мамандары кіруі мүмкін. Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді талқылауға ғалымдар, салалық мамандар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қосымша шақырылады.

Палата тек заң жобаларын талқылай ма?

Ұсынысқа сәйкес, Қоғамдық палатаның жұмысы заң жобаларымен ғана шектелмейді. Оның алаңында қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін де талқылау жоспарланып отыр. Әсіресе кәсіби сараптаманы, ашық пікірталасты және қоғаммен кері байланысты қажет ететін мәселелерге назар аударылмақ.

Қоғамдық палата қандай мәртебеде болады?

Қоғамдық палата консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Ұсыныс авторларының пікірінше, мұндай алаң Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз етіп, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің заң шығару процесіне қатысуына мүмкіндік береді. Қоғамдық палатаны құру туралы ұсыныс Құрылтай депутаттарының қарауына енгізілді.

Оқу үшін