NoFake

Қазақстанда некені тіркеу мерзімін ұзарту керек деген ақпарат — фейк

Фото: Әділет министрлігі

Әлеуметтік желілер мен екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы «некені тіркеу мерзімін ұзарту қажет» деген хабарламалар тарауда. Әділет министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және алаяқтық сипатта екенін мәлімдеді.

Ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, Қазақстан заңнамасында некенің қолданылу мерзімі жоқ. Неке бір рет тіркеледі және оны белгілі бір уақыттан кейін қайта тіркеу немесе ұзарту талап етілмейді.

«Неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның шекті мерзімі белгіленбейді. Осыған байланысты Әділет министрлігі некені ұзарту талап етілмейтіндігін ескертеді», — деді Талғат Уәли.

Министрлік некенің ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша некені бұзу арқылы, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге жағдайларда ғана тоқтатылуы мүмкін екенін түсіндірді.

Некені бұзу тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен жүзеге асырылады. Бірінші жағдайда неке мемлекеттік тіркелген күннен бастап, ал сот арқылы бұзылған жағдайда сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.

Әділет министрлігі азаматтарды «некені ұзарту» туралы хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Дұрыс әрі нақты ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру қажет.

Оқу үшін