Ақтау мен Бурабайда демалу Түркиямен бірдей екені рас па

Коллаж: NoFake.kz
Әлеуметтік желілер мен Threads платформасында қазақстандық қолданушылар арасында «Ақтау мен Бурабайда демалу құны Түркиямен бірдей» деген пікірлер жиі талқыланады. Осыған орай NoFake.kz редакциясы ішкі және сыртқы туризм нарығындағы баға көрсеткіштерін салыстырып, мамандар пікірі мен қазіргі бағалар негізінде талдау жүргізді.
Бурабайдағы төрт күнге жарты миллион
Баға айырмашылығын салыстыру үшін туризм саласындағы туроператор Адина Адилованың деректері негізге алынды. Маманның мәлімдеуінше, Қазақстан ішінде саяхаттайтын азаматтар көбіне тек қонақ үйді ғана брондап, баратын жеріне өз бетімен жетеді. Алайда, еліміздегі жоғары санаттағы демалыс орындарының тек тұру құнының өзі шетелдік дайын турпакеттердің бағасымен деңгейлес.
«Бурабай бағытындағы кейбір танымал демалыс орындарында екі адамға төрт күнге, көлге көрінісі бар бөлмеде таңғы аспен тұру құны шамамен 470 мыңнан 510 мың теңге аралығын қамтиды. Ал егер Каспий жағалауындағы All inclusive жүйесімен жұмыс істейтін бес жұлдызды қонақ үйлерді алсақ, төрт күнге тек тұру құны 630 мың теңгеден басталуы мүмкін», — дейді Адина Адилова.
Туроператор бұл қонақ үйлердің құнының жоғары болуын олардың әлемдік деңгейдегі франшиза болуымен байланыстырады. Маман бұл көрсеткіштерді сыртқы туризм нарығындағы ұсыныстармен салыстыра келе, шетелдік турлардың экономикалық тиімділігін түсіндірді:
«Егер осы бюджетті Түркия бағытымен салыстыратын болсақ, онда да «бәрі ішінде» жүйесі ұсынылады. Бірақ мұндағы 500 — 600 мың теңге көлеміндегі сомаға ұшақ билеті, қонақ үй, трансфер мен міндетті сақтандыру толығымен кіреді. Сол себепті көптеген саяхатшылар үшін шетелдік дайын пакеттерді таңдау тиімдірек», — дейді маман.
Нарықтағы нақты бағалар
Ел ішіндегі демалыс орындарының бағасы ұсынылатын қызмет деңгейі мен орналасқан жеріне қарай әртүрлі. NoFake.kz екі ересек адам үшін бір тәулікке шақталған бағалардың салыстырмалы кестесін ұсынады.

Бурабай, Ақтау немесе Алакөл бағыттары бойынша өздігінен саяхаттайтын азаматтар үшін демалыс шығыны төмен болуы мүмкін. Мәселен, алматылық тұрғын Динаның айтуынша, таксимен қатынап (адам басына 15 000 теңге), Алакөл жағалауындағы пансионаттарда тәулігіне 17 000 теңгеге (үш мезгіл тамағымен) демалуға мүмкіндік бар. Алайда, бағаларды салыстыру кезінде қызмет көрсету сапасы мен логистика мәселесі алға шығады.
«Бағаны емес, жағдайды таңдайды»
Редакциямыз осы мәселеде әлемнің 47 елін аралаған жиһанкез блогер Динара Болаттың пікірін білді. Оның пайымдауынша, отандық нарықтағы баға белгілеу ұсынылатын инфрақұрылым деңгейіне әрдайым сәйкес келе бермейді.

«Бурабай мен Алакөлдегі 40-50 мыңдық қонақ үйлерді кіріп қарасаңыз, оның ішіндегі интерьер, төсек-жабын, ішкі жағдай, мысалы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі 40-50 мың теңгеге жалдайтын қонақ үйлерден анағұрлым төмен. Сондықтан біз көп жағдайда бағаны емес, сол бағаға ұсынылатын жағдайды салыстырып, шешім қабылдаймыз», — дейді Динара Болат.
Сонымен қатар, блогер жазғы маусымда ел ішіндегі әуе және теміржол билеттерінің қолжетімсіздігі мен бағасының жоғары болуын негізгі фактор ретінде атап өтті.
«Бір елдің ішінде тұра тұрып, біздер Астанадан Батысқа немесе Алматыдан Батысқа ұшу үшін кейде екі елдің арасындағы бағаны төлейміз. Кейде тіпті Қазақстан ішіндегі екі қаланың ұшақ бағасы екі ел арасындағы ұшаққа билет бағасынан қымбат болып жатады. Сондықтан көп қазақтың шешімінде – осы көлемдегі сомаға шетелден өзге ақпарат жинап, өзге көрініс ауыстырып, анағұрлым дәмді тамақтанып, тың жерде демалсақ деген таңдау тұрады. Ол таңдау орынды деп ойлаймын», — дейді жиһанкез блогер.
Маман мен жиһанкездің пікірінше, ішкі нарықта баға мен сапа теңгерімін қалыптастыру үшін мемлекеттік реттеу тетіктері мен жеке кәсіпкерлер арасындағы еркін бәсекелестікті дамыту қажет. Бәсекелестіктің артуы тұтынушыға бағытталған қызмет сапасының өсуіне ықпал етеді.
Түйін
Анықталғандай, «Қазақстандағы демалыс бағасы Түркиямен тең» деген тұжырым жоғары санатты (VIP) демалыс орындарына қатысты қолданылғанда негізді. Еліміздегі бес жұлдызды қонақ үйлердің тек тұру құны шетелдік толық турпакеттің бағасымен деңгейлес немесе одан жоғары. Ал бюджеттік немесе эконом санаттағы отандық демалыс орындары (тәулігіне 4 000 – 25 000 теңге) шетелдік шипажайлардан арзан түсуі мүмкін. Алайда инфрақұрылым және қызмет көрсету деңгейі жағынан өзгеше сипатқа ие. Логистикалық шығындар мен ішкі транспорт бағасының жоғарылығы саяхатшылардың таңдауына әсер етуші негізгі фактор болып қалып отыр.


