Қазақстанда әскери эшелондар мен колонналар қозғалады — Министрлік маңызды мәлімдеме жасады

Фото: Depositphotos
Тамыз–қыркүйек айларында Қазақстан аумағында «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық және оны өткізу аясында қару-жарақ, әскери техника мен жеке құрам кезең-кезеңімен оқу аудандарына жеткізіледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомствоның мәліметінше, әскерлер теміржол эшелондары, жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдармен жүретін әскери автоколонналар, сондай-ақ майдандық және армиялық авиация арқылы тасымалданады.
Министрлік оқу-жаттығу еліміздің барлық өңіріндегі әскери полигондарды қамтитынын хабарлады. Оның барысында Қарулы күштердің қазіргі заманғы жағдайда жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығы бағаланып, құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте күштердің өзара іс-қимылы пысықталады.
«Жоспарға сай өткізілетін бұл іс-шаралар әскерлердің жауынгерлік машығын жетілдіруге, әскери басқару органдарының, Қарулы күштер түрлері мен тектерінің, сондай-ақ арнайы әскерлердің бірлескен іс-әрекетін нығайтуға және Қарулы күштерді қолданудың заманауи әдіс-тәсілдерін жетілдіруге бағытталған», – деп мәлімдеді министрлік.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі тұрғындар мен БАҚ өкілдерін сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
Ведомство жалған ақпарат тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.


