Қазақстан метан шығындысы көрсеткіштерін азайтқаны рас па

Фото: Freepik.com
Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова Қазақстан газды факелдерде жағу кезіндегі метан шығарындыларын азайтқанын растады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, бұл көрсеткішке Қазақстан 2012 жылы қабылдаған Заңның нәтижесінде қол жеткізген.
«Қазақстан газды факелдерде жағу кезіндегі метан шығарындылары көрсеткішін барынша азайтты. Бұл мұнай-газ өндірісінде артық газды ашық алауда жағу барысында атмосфераға бөлінетін метан мөлшерін төмендету шарасы болып саналады. 2012 жылы бізде факелде газды жағу процесіне тыйым салынды. Оны тек апатты жағдайларда ғана қолдануға болатын еді», — деді ол.
Нәтижесінде, еліміз бұл көрсеткіш соңғы 13 жылда 4 есеге қысқарған.
«Егер 2012 жылы Қазақстан 4 млрд кубтан артық газды жақса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 1 млрд куб метрге де жетпей отыр. Яғни соңғы 13 жылда бұл көрсеткішті 4 есеге қысқарттық», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит (RES) өтіп жатыр. Онда Орталық Азия Климаттық қоры-Орталық Азияға арналған климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Ерлік Қаражан Арал теңізін қалпына келтіруге байланысты өз пікірімен бөлісіп еді.


