NoFake

Арал теңізін толық қалыпқа келтіру мүмкін бе: сарапшы пікірі

Фото: Freepik.com

Бүгін Астанада алғашқы Өңірлік экологиялық саммит (RES) барысында Арал теңізін қалпына келтіру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Форум барысында Орталық Азия Климаттық қоры-Орталық Азияға арналған климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Ерлік Қаражан Арал теңізін толық қалпына келтіруге бола ма деген сауалға жауап берді.

«Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін болмаса да, қазірдің өзінде жеңіс көп. Мысалы, балық аулау ісі қайта жанданды. Мәселе тек суды молайтуда ғана емес, Арал маңындағы жердің, топырақтың құнарлылығын арттыру, оны қайта жандандыруда болып отыр. Қазір бұл бағытта көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе, теңіздің тұңғиын қайта қалпына келтіру бағытында құзырлы министрліктермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді ол.

Спикер Арал теңізін қайта қалпына келуіне қандай іс-шаралар әсер еткенін де түсіндіріп берді.

«Дүниежүзілік банк тарапынан қаржылық қолдау көрсетілді. Бұл қаржылық қолдау Көкарал дамбысы тарапынан Аралдың солтүстік жағынан кететін су көлемін азайтуға әсер етті. Нәтижесінде теңіздегі су көлемі арта бастады», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанада алғашқы Өңірлік экологиялық саммит (RES) өз жұмысын бастады. Оған Орталық Азия елдерінен, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Таяу Шығыстан шамамен 1500-ге қатысушы жиналды.

Оқу үшін