Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған шабуыл Қазақстанға әсер ете ме

Фото: сайт "Группа "ВИС"
ҚР Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында болған жағдайдан Қазақстанның ішкі газ нарығына қауіп жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бұған дейін Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына ұшқышсыз ұшақтардың (дрон) шабуыл жасағаны белгілі болған еді.
«Оқиға отандық тұтынушыларға тауарлық газды тұрақты түрде жеткізуге әсер еткен жоқ. Диспетчерлік қызметтер логистиканы жедел түрде түзетті, қарсы газ көлемдерін беру баламалы жол арқылы жүзеге асырылуда», – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік ішкі нарыққа ешқандай қауіп жоқ екеніне сендірді.
«Қазақстанның газ инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ішкі нарық энергия ресурстарымен толық қамтамасыз етілген, жағдай министрлік пен ұлттық оператордың бақылауында», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Орынбор газ өңдеу зауыты табиғи газ бен газ конденсатын өңдейді. Кәсіпорынға шикізат Орынбор мұнай-газ конденсаты кен орнынан да, Қазақстаннан — Қарашығанақ кен орнынан да жеткізіледі.


