Қазақстанда азот шариктеріне неге сараптама жүргізілмей жатыр

Фото: MidJourney
Азотты шариктерге талдау жасау үшін сот сараптамалары орталығында қажетті құрылғылар жоқ деген ақпарат — жалған. Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли редакциямызға берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Бұған дейін БАҚ беттерінде азот шариктерінің (азот диоксиді) заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеніне жарты жылға жуықтаса да, бұл санаттағы ондаған қылмыстық іс әлі де сотқа өтпей тұрғандығы жайлы жазылған болатын.

Әділет министрлігі ресми өкілінің мәлімдеуінше, сот сараптамасы орталықтарының техникалық қауқарсыздығы туралы жазылған ақпараттар шындыққа жанаспайды. Министрлік заң қабылданған бойда тиісті дайындық жұмыстарын жүргізген.
«Әділет министрлігі басшылығының тапсырмасымен сот сараптамалық орталығының мамандары азот диоксиді тотығына сараптама жасау үшін арнайы оқудан өтіп, тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, қажетті заманауи құрылғылар да толық сатып алынды. Демек, бізде оқытылған мамандар да, құрал-жабдықтар да сақадай сай сайланып тұр», – деді Талғат Уәли.
Заңдағы шикілік: Зертханаға проба жетпей жатыр
Олай болса, сараптама неге жүргізілмей отыр және қылмыстық істердің тоқтап тұруына не себеп деген заңды сұрақ туындайды. Талғат Уәлидің сөзінше, бұған мемлекеттік органдар арасындағы заңнамалық қайшылық кедергі болып отыр.
Ішкі істер министрлігі тарапынан бұл азот диоксиді пробаларының сатылуына заңмен толық тыйым салынған. Сот сараптамасын жасау үшін зертханаға осы заттың ресми пробалары қажет. Ол үшін мемлекеттік сатып алу жарияланғанымен, заңдағы тыйымға байланысты қатысушылар бұл пробаларды Әділет министрлігінің зертханаларына заңды түрде жеткізіп бере алмай отыр.
«Пробалардың жоқтығына байланысты сараптама жасай алмай отырғанымыз — шындық. Себебі бұл затты заңды түрде сатып алу мүмкін болмай тұр», – деп түсіндірді ресми өкіл.
Ал әлеуметтік желіде бұл «шариктерді» жеткізу қызметі бар екендігі, кешкі демалыс орындарынан тәркілеу бойынша рейдтер жүргізілгені жайлы жазбаларды кездестіруге болады.

Мәселе қашан шешіледі?
Ресми өкілдің айтуынша бұл бюрократиялық кедергіні жою бойынша жұмыстар басталып кеткен. Қазір Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр.
Ведомствоаралық келіссөздер нәтижесін беріп, қажетті пробалар Сот сараптамалары орталығына жеткізілген сәтте зертханалық тексерулер бірден іске қосылады. Әділет министрлігі бұл жағдайда тергеу амалдарын аяқтауға ешқандай кедергі қалмайды деп сендіріп отыр.


