NCOC-тан қаражат өндіріп алу тоқтатылған жоқ – Әділет министрлігі

Фото: depositphotos
Әділет министрлігі жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына ақшалай қаражат өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды деген ақпарат тарағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство бұл ақпаратқа түсініктеме беріп, атқарушылық іс жүргізудің не себепті уақытша тоқтатылғанын түсіндірді.
Қазіргі уақытта NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 42-бабы 13) тармақшасына сәйкес, сот атқарушылық іс жүргізу материалдарын талап еткен жағдайда, іс жүргізу материалдар сотқа қайтарылғанға дейін тоқтатыла тұрады», — делінген хабарламада.
Осылайша, бұл жағдай NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жұмыстарының тоқтатылғанын білдірмейді. Әділет министрлігінің мәліметінше, қаражатты өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде 2026 жылдың 8 қыркүйегінен бастап нотариустар атқарушылық жазбалардың күшін жою құқығынан айырылды деген ақпарат тарады. Алайда Әділет министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады


