NoFake

Әділет министрлігі атқарушылық жазбаға қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарды

Фото: gov.kz

Әділет министрлігі желіде тараған 2026 жылдың 8 қыркүйегінен бастап нотариустардың атқарушылық жазбалардың күшін жою жөніндегі өкілеттіктерінен айырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство аталған ақпаратта, сондай-ақ, борышкерлер оларды тек сот тәртібімен ғана дауласа алатыны туралы хабарлағанын айтады. Алайда, министрлік бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

«ҚР Әділет министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және заңнамаға енгізілген өзгерістерді дұрыс қолданбауға негізделгенін хабарлайды. 2026 жылғы 8 шілдеде «Нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР №343-VIII Заңы қабылданды. Аталған заңмен атқарушылық жазбаны жасау, оның күшін жою және орындау тәртібін реттейтін нормаларға өзгерістер енгізілді», — делінген хабарламада.

Бұл ретте, ведомство борышкердің нотариусқа қарсылық білдіру құқығы жойылмағанын атап өтті. Одаг бөлек, хабарламада нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жою жөніндегі өкілеттігі де сақталатыны айтылады.

«Борышкер хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өндіріп алушы мәлімдеген талапқа қарсылық білдіруге құқылы. Қарсылықта өндіріп алушының талабымен келіспеуінің нақты себептері көрсетілуге тиіс («Нотариат туралы» Заңның 92-6-бабының 2-тармағы). Тиісті түрде берілген қарсылық келіп түскен кезде нотариус заңда көзделген жағдайларда атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады», — делінген хабарламада.

Әділет министрлігі, бұл ретте қарсылықта келіспеу себептері көрсетілмесе немесе ол белгіленген 10 жұмыс күндік мерзімді бұза отырып берілсе, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартатынын мәлімдейді.

«Заңда маңызды норма көзделген: егер атқарушылық жазба негізінде сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған болса, онда атқарушылық жазбаға дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады. Осылайша, «нотариустар атқарушылық жазбалардың күшін жоймайды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген хабарламада.

Министрлік азаматтарға атқарушылық жазба борышкердің тіркелген жері бойынша жасалатынын,
атқарушылық жазбалар бойынша аумақты баламалы түрде таңдау мүмкіндігі алынып тасталғанын жеткізді.

«Енді атқарушылық жазба жеке немесе заңды тұлға болып табылатын борышкердің тіркелген жері бойынша жасалады. Бұл талап пәтер меншік иелерінен берешекті өндіріп алу және нақты тұтынылған қызметтер үшін жария шарттар негізінде берешекті өндіріп алу жағдайларына қолданылмайды.

Одан бөлек, Әділет министрлігі атқарушылық жазба туралы ақпарат Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы жіберіліп, оның жеткізілгені туралы факт тіркелетінін, хабарлама, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы және (немесе) SMS-хабарлама арқылы жіберілуі мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл борышкерді хабардар ету фактісін цифрлық түрде тіркеуге және хабарламаның жеткізілгенін растауға мүмкіндік береді. Осылайша, енгізілген өзгерістер азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін шектемейді. Керісінше, олар борышкердің құқықтық кепілдіктерін күшейтуге, берешектің даусыздығын растауға қойылатын талаптарды арттыруға, борышкерді хабардар ету фактісін цифрлық тіркеуге, аумақтық теріс пайдаланушылықтарды болдырмауға және атқарушылық жазбаны жасау рәсімінің ашықтығын арттыруға бағытталған», — делінген хабарламада.

Ведомство әлеуметтік желілерде заңнама нормаларына қатысты дұрыс емес түсіндірмелердің таралуына байланысты ҚР Әділет министрлігі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға және азаматтарды өз құқықтарын қорғау тәсілдеріне қатысты жаңылыстыруы мүмкін заң нормаларын еркінше түсіндіруге жол бермеуге шақырады.
Сондай-ақ, министрлік азаматтарға құқықтық ақпараттың дұрыстығына көз жеткізу үшін нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндеріне және уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне жүгінуге кеңес береді.

Оқу үшін