Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіндегі ақау расталмады — министрлік

Коллаж: NoFake.kz
ҚР Жасанды интеллект және цирфлық даму министрлігі мемлекеттік органдар мен eGov.kz-тің ақпараттық жүйесіндегі ақауларды растамады, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР Жасанды интеллект және цирфлық даму министрлігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері, оның ішінде eGov және басқа да мемлекеттік цифрлық ресурстар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері, оның ішінде eGov.kz және басқа да мемлекеттік цифрлық ресурстар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және жұмысын жалғастыруда. Сыртқы интернет-трафик белсенділігінің артуына байланысты Қазақстан интернетін қорғау тетіктері іске қосылды. Соның салдарынан интернет желісіндегі жекелеген мемлекеттік сайттарға қолжетімділік қысқа уақытқа шектелді», — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қорғау жүйелері сыртқы белсенділікке дер кезінде әрекет етіп, ұлттық цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
«Қазіргі уақытта трафик қалпына келтіріліп, ресурстарға қолжетімділік қалыпты режимде жүзеге асырылуда. Мамандар жағдайды бақылауды және цифрлық сервистерге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның барлық жүйелері мен инфрақұрылымы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік 15 млн Қазақстан азаматының жеке деректері таралғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.


