«Үй алып беремін»: Ақтөбеде 10 млн теңге алған күдікті ұсталды

Фото: gov.kz
Ақтөбе облысында танысына мемлекеттік бағдарлама арқылы тиімді шарттармен баспана алып беруге уәде етіп, 10 млн теңгесін иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
Полиция мәліметінше, оқиға шамамен екі жыл бұрын болған. Жергілікті тұрғын танысының сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй алуға көмектесетінін айтқан.
«Тұрғын үйді рәсімдеу және қажетті мәселелерді шешу үшін жәбірленуші танысына 10 млн теңге көлемінде ақша қаражатын берген», – деп хабарлады полиция.
Алайда уәде орындалмаған. Күдікті тұрғын үйді рәсімдеп бермеген әрі алған ақшасын қайтармаған. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға арызданған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
«Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да фактілерге қатыстылығы тексерілуде», – делінген полиция хабарламасында.
Полиция азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу кезінде сақ болуға шақырды.
«Тұрғын үйді “кепілді түрде алып беремін”, кезекті жылдамдатамын немесе таныстар арқылы мәселені шешіп беремін деген уәделерге сеніп, ірі көлемдегі ақшаны өкілеттігі расталмаған тұлғаларға бермеңіздер», – деп ескертті ведомство.
Құқық қорғау органдары тұрғын үй бағдарламаларының талаптары мен қатысу тәртібі туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге кеңес береді.
«Кез келген шешім қабылдамас бұрын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы, оның талаптары мен оған қатысу тәртібі туралы ақпаратты тексеріп, ресми дереккөздерге жүгіну қажет», – деп еске салды полиция.
Тергеу жалғасып жатыр. Айта кетейік, бұған дейін біз интернетте өзін емші, көріпкел немесе балгер ретінде таныстырып, «балаңыз қатты дуаланған» деген желеумен ақша сұрайтын алаяқтар көбейгені жайлы жаздық.


