Маңғыстау облыстық сотындағы Әнұран мәтініндегі «қате» фейк болып шықты

Фото: Yandex
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облыстық соты ғимаратындағы Мемлекеттік Әнұран мәтіні жазылған стендте әріптердің қате жазылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда сот бұл мәліметтің фейк екенін хабарлады.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында белгісіз тұлғалардың стендке жабыстырылған әріптердің орнын әдейі ауыстырғаны анықталған.
«Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Анықталғандай, белгісіз тұлғалар стендке жабыстырылған әріптердің орнын қасақана ауыстырып, жалған ақпарат таратуға негіз болған», – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, осы дерекке қатысты барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау, кінәлі тұлғаларды белгілеу және оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.
«Оқырмандар мен әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми әрі нақты ақпаратқа сүйенуге және оның шынайылығына көз жеткізбей жалған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – делінген Маңғыстау облыстық сотының хабарламасында.
Сот мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытуға, жалған ақпарат таратуға немесе қоғамды әдейі жаңылыстыруға бағытталған кез келген заңсыз әрекет құқықтық тұрғыдан бағаланатынын ескертті.


