LRT құрамы тоқтағанда не істеу керек: жолаушыларға нұсқаулық

Фото: Nofake.kz
Астанадағы LRT өкілдері төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібі, қауіпсіздік жүйесі мен жолаушыларға арналған қосымша мүмкіндіктер туралы айтып берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Жекпе-жек сарайы» станциясының ауысым жетекшісі Сүйіндік Нұржанұлы Асылбековтің айтуынша, пойыз жолда тоқтап қалған жағдайда жолаушылар сабыр сақтап, вагон ішіндегі арнайы шұғыл шақыру тетігін пайдалануы қажет.
«Пойыз тоқтап қалған жағдайда арнайы шақыру тетігі бар. Жолаушылар сол тетік арқылы оператор-машиниспен байланыса алады. Ең бастысы — сабыр сақтап, мамандардың нұсқаулығын орындау керек», — деді ол.
Маманның сөзінше, мұндай жағдайда ең алдымен оператор орталық басқару жүйесіне хабар береді. Егер жолаушыларды эвакуациялау қажет болса, ең жақын станция қызметкерлері жұмылдырылып, арнайы эвакуация тәртібі іске қосылады. Барлық әрекет оператор мен орталық басқару жүйесі арқылы жүзеге асады. Қажет болған жағдайда станция қызметкерлері жедел эвакуация жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ LRT-ның Қазақстан үшін жаңа жоба екені айтылды. Жүйенің басты артықшылықтарының бірі — автоматтандырылған басқару мен қаладағы көлік кептелісін азайтуға ықпал етуі.
«Бұл — Қазақстанға алғаш рет енгізіліп отырған жоба. LRT қаладағы кептелісті азайтып, туризмнің дамуына да оң әсер етеді деп ойлаймыз», — деді ол.
LRT әкімшілігінің мәліметінше, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін станцияларда кешенді бақылау жүйесі орнатылған. Станцияларда қауіпсіздік камералары, дабыл жүйелері жұмыс істейді. Сонымен қатар арнайы қызметкерлер мен полиция өкілдері кезекшілік атқарады. Кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын.
«Әр станцияда кем дегенде 54 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар платформа, эскалатор, кіреберіс аймақтары секілді маңызды нүктелерді тәулік бойы бақылайды. Барлық бақылау онлайн режимде жүргізіледі», — деді ол.
Есік арасында зат қалса, не істеу керек?
«Егер адам немесе қандай да бір зат есік арасында қалып қойса, пойыз қозғалып кетпейді. Қауіпсіздік жүйесі автоматты түрде іске қосылады. Сонымен қатар платформада кезекші қызметкерлер көмектеседі», — деді LRT өкілі.
Сонымен қатар станцияларда лифттер мен пандустар қарастырылған. Арбадағы балаларға, қарт адамдарға және ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арналған арнайы жағдайлар жасалған. Платформадағы кезекші қызметкерлер қажет болған жағдайда көмек көрсетіп, жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қадағалайды.
Жаңа көлік жүйесінде жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін бірнеше деңгейлі бақылау және жедел әрекет ету тетіктері қарастырылған. Мамандардың айтуынша, пойыз ішіндегі байланыс жүйелері, платформадағы қауіпсіздік есіктері, бейнебақылау камералары мен кезекші қызметкерлер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді.


