Каспий құбыр консорциумы мұнай тасымалдауға қайта кірісті

Фото: Depositphotos
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы оны танкерлерге тиеуді қайта бастады, деп хабарлайды NoFake.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, қазір КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр. Екі кеме де «Теңізшевройл» ЖШС-нің мұнайын қабылдап жатыр.
Мұнай қабылдаудың қайта жандануы өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне қайта жеткізуге және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды жалғастыруға мүмкіндік береді.
«Теңіз терминалындағы операциялар ағымдағы жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство.
Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және басқа да қатысушылармен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. Ведомство жағдайды бақылап, қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауға бағытталған іс-қимылдарды үйлестіріп жатыр.


