NoFake

Конституциялық сот жаңа Конституциядағы лауазымдық шектеулерді түсіндірді

Фото: Depositphotos

Қазақстан Республикасының Конституциялық соты Президенттің өтініші бойынша 2026 жылғы Конституциядағы бірқатар нормаларға ресми түсіндірме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Соттың қаулысына сәйкес, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде мемлекеттік лауазымдарды атқарған адамдар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметтерге қайта сайлана немесе қайта тағайындала алады.

«1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде тиісті лауазымдарды атқару фактісі 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін адамды сол қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды», – делінген Конституциялық соттың қаулысында.

Соттың түсіндіруінше, 2026 жылғы Конституцияда көзделген шектеулер тек жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу жағдайларына қолданылады. Ал 1995 жылғы Конституция кезеңіндегі қызмет мерзімі мен сол кездегі тағайындаулар бұл шектеулерді есептеу кезінде ескерілмейді. Яғни, жаңа Конституция қабылданғанға дейін белгілі бір лауазымда болған азаматтардың бұрынғы өкілеттік мерзімі жаңа конституциялық шектеулерге кірмейді.

«Мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі», – деп түсіндірді Конституциялық сот.

Осылайша, Конституциялық сот 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарылған қызмет жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымға қайта сайлануға немесе тағайындалуға құқықтық кедергі болмайтынын нақтылады.

Оқу үшін