NoFake

Көлік иелеріне жаппай айыппұлдар не себепті көп келіп жатыр: ІІМ жауабы

Фото: pixabay.com

Бүгін Үкіметте өткен брифинг барысында ІІМ орынбасары Игорь Лепеха көлік иелеріне жаппай айыппұлдардың көбею себебін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мәселе неден басталды?

Естеріңізде болса, тамыз айында Алматы облысындағы тас жолдарда рұқсат етілген жылдамдықпен жүрсе де, еш негізсіз айыппұл туралы нұсқама келіп жатқаны туралы ақпарат тараған еді.

Cкриншот әлеуметтік желіден

Аталған мәселеге қатысты ІІМ Әкімшілік полициясы түсініктеме берген болатын. Ведомство сол кезде, ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан көлік жүргізушілеріне осындай қате нұсқамалар келе бастағанын айтқан еді.

Скриншот әлеуметтік желіден

Алайда, күні бүгінге дейін әлеуметтік желі қолданушылары айыппұлдардың көп келетінін, тіпті кей жағдайларда негізсіз келетінін жиі жазады.

Айыппұлдар неге көбейді: ІІМ жауабы

Көлік иелеріне айыппұлдардың көбею себебін ІІМ орынбасары Игорь Лепеха түсіндірді. Оның айтуынша ел бойынша жол бойындағы камера саны артып, штаттағы полицейлер саны артпаған.

«Бұрын қалай болды? Жол ережесінің бұзылғаны туралы сурет қызметкерге келеді, ол қарайтын. Енді оның барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Енді Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінен айыппұл туралы хабарлама бірден көлік иесіне келеді. 13-ші тамыздан ол жүйе жұмыс істей бастады, сөйтіп Алматы, Жамбыл облыстарында 14-15-ші тамызда техникалық ақаулар пайда болды», — деді ол.

Алматы, Жамбыл облыстарындағы жолдарда көлік иелері расымен жылдамдықты асырды ма?

Игорь Лепеханың айтуынша, сол күндері техникалық ақау болғанымен, жүргізушілердің арасында расымен жол ережесін бұзғандар болған.

«Заңды бұзушылар болған, тек ақау салдарынан келген нұсқамаларда орташа жылдамдық көрсеткіштерінде айырмашылықтар болған. Осылайша, шағым түсірушілермен жекелей жұмыс істедік. Егер хабарламада қателерге жол берілсе, онда көлік иелеріне негізсіз айыппұлдардың сомасы міндетті түрде қайтарылады, — деді ол.

Түйін

Осылайша, айыппұлдардың көбейіп кеткені жол бойындағы камералар санының артуымен және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесінің іске қосылуымен байланысты. Ал Алматы мен Жамбыл облыстарында тамыз айында техникалық ақау салдарынан кей жүргізушілерге қате нұсқамалар жіберілген. ІІМ мәліметінше, нақты құқық бұзушылық жасаған жүргізушілер де болған, ал техникалық ақауға байланысты негізсіз салынған айыппұлдар шағымдар қаралғаннан кейін қайтарылған.

Оқу үшін