Жүргізушілерге айыппұл туралы жаппай хабарлама келіп жатқаны рас па

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желі қолданушылары бірнеше күннен бері көлікті тас жолда қалыпты жылдамдықпен айдаса да, шоттарына айыппұл келгені жайлы пікір қалдырып жатыр. ІІМ аталған жайтқа байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желі неге шулады?
Facebook желісінде көлік иелері, әсіресе, Алматы облысындағы тас жолдарда рұқсат етілген жылдамдықпен жүрсе де, еш негізсіз айыппұл салынатыны туралы хабарлама келіп жатқанын жарыса жазып жатыр.

Сондай-ақ, олар жылдамдықты асырғаны үшін, айыппұл салынғанымен, жолдың кей бөлігінде, жылдамдыққа қатысты шектеу белгілерінің қате қойылғанын айтып, шағымданған.

ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы не дейді?
Аталған мәселенің мән-жайын білу үшін, ҚР ІІМ-не хабарласып көрдік. Ведомство мәліметінше, ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан көлік жүргізушілеріне осындай қате нұсқамалар келе бастаған.
«13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір бұзушылықтар бір-сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», — делінген хабарламада.
Осы ретте, министрлік жүргізушілерге полицияға жүгініп немесе тиісті органдарға барып дәлелдеудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
«Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады. Мәселе тек тасжолдарда аталған техникалық ақаудың салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр. Ал мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр. Жағдай бақылауда», — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
ҚазАвтоЖол түсініктемесі
Компанияның хабарлауынша, қазіргі таңда автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендердің штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Көлік құралдарын тіркеу, олардың орташа қозғалыс жылдамдығын есептеу және жылдамдықты асыру фактілерін анықтау белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес дұрыс жүзеге асырылған. Тіркелген құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер де Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің Процессингтік орталығына орташа қозғалыс жылдамдығын асыру деректері ретінде дұрыс жолданған», — делінген хабарламада.
Ведомство техникалық ақау — уәкілетті органның ақпараттық жүйелерінде айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде туындағанын жеткізді.
«Соның салдарынан жекелеген нұсқамаларда тіркелген құқық бұзушылық туралы ақпарат қате көрсетілуі мүмкін. Осылайша, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан орташа жылдамдықты тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендердің жұмысы және тиісті деректерді беру штаттық режимде жүзеге асырылды. Анықталған техникалық ақау автомобиль жолдарындағы орташа қозғалыс жылдамдығын тіркеудің дұрыстығына байланысты емес», — деп түсіндірді.
Компания шығарылған нұсқамаларға, олардың мазмұнына, қайта қаралуына немесе шағымдануға қатысты мәселелер бойынша азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органға жүгіну қажеттігін ескертті.
Түйін
Осылайша, 13-14 тамыз аралығында тасжолдарда орташа жылдамдықты асыруға қатысты кейбір айыппұлдар техникалық ақау салдарынан қате рәсімделген. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, орташа жылдамдықты тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендер штаттық режимде жұмыс істеп, құқық бұзушылық туралы деректер уәкілетті органдардың ақпараттық жүйесіне дұрыс жолданған. Ақау кейінгі кезеңде — айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде туындаған. Салдарынан жекелеген нұсқамаларда құқық бұзушылық туралы ақпарат қате көрсетілуі мүмкін. ІІМ мәліметінше, қате қалыптастырылған нұсқамалар автоматты түрде жойылады. Ал айыппұлды төлеп қойған азаматтарға қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр. Нұсқамаларға қатысты мәселелер бойынша азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органға жүгіну қажет.


