Көлік бұзылды, жол жабық: ҚазАвтоЖол қай кезде көмекке келеді

Фото: ҚазАвтоЖол
Жолда көлік бұзылды, трассада мал жүр немесе жолдың қазіргі жағдайын білгіңіз келеді делік. Мұндайда кімге хабарласу керек? 1403 нөмірін сақтап қойған артық емес.
Бұл – республикалық маңызы бар автожолдар бойынша жұмыс істейтін бірыңғай байланыс орталығы. Мұнда жол жағдайын біліп қана қоймай, нақты мәселе бойынша көмек сұрауға болады.
1403 қандай жағдайда көмектеседі?
- жолда көлік бұзылып қалса;
- көлікті сүйреуге көмек қажет болса;
- трассадағы жол жағдайын білгіңіз келсе;
- жол бойынан қараусыз жүрген малды байқасаңыз;
- жолдағы қауіпті жағдай туралы хабарлағыңыз келсе;
- қыс мезгілінде жолда қалып қойсаңыз, хабарласуға болады.
Яғни 1403 – жай ғана анықтама беретін нөмір емес. Қажет болған жағдайда өтініш тиісті жол қызметтеріне жеткізіледі.
Шынымен көмектесе ме?
2026 жылдың 1 қаңтарынан 20 қыркүйегіне дейін 1403 байланыс орталығына 1 миллионнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 651 мыңға жуық қоңырауды операторлар қабылдаса, 255 мың өтініш IVR жүйесі арқылы өңделген. WhatsApp, Telegram, дауыстық пошта, виртуалды кезек және басқа арналар арқылы тағы 120 мыңнан астам өтініш қаралған.
Ең бастысы – нақты көрсетілген көмек бар. Жыл басынан бері байланыс орталығы арқылы 4 213 бұзылған көлікке қолдау көрсетілген. Оның ішінде көлікті сүйреуге көмектесу, жол белгілерін орнату және басқа да жедел шаралар бар. Қыста да бұл нөмірді ұмытпаған жөн. Қаңтар-наурыз айларында адамдар мен көліктерді жылыту пункттеріне эвакуациялау бойынша 24 өтініш түскен және олардың барлығына тиісті көмек көрсетілген.
Трассада мал көрсеңіз де, хабарлауға болады
Тағы бір пайдалы функциясы осы. Жолға шығып кеткен жылқы, сиыр немесе басқа төрт түлік апатқа себеп болуы мүмкін. 2026 жылдың басынан бері 1403 арқылы осындай 1 480 жағдай тіркеліп, жануарларды қауіпсіз жерге айдау бойынша шаралар қабылданған. Сондықтан «біреу хабарлар» деп өте шықпай, 1403-ке ақпарат берген дұрыс. Аталған нөмір әсіресе қалааралық жолға жиі шығатын жүргізушілерге керек.


