NoFake

Каспий теңізінің суы тартылып, онда арал пайда болғаны рас па

Коллаж: Nofake.kz.

Соңғы күндері бірқатар отандық БАҚ Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жаңа арал пайда болғанын хабарлады. Ол теңіз деңгейінің төмендеуімен байланысты екен. Бұл ақпарат қандай дәлел, дерекке негізделген? NoFake.kz мәселенің анық-қанығын тексеріп көрді.

Отандық БАҚ беттерінде не айтылды?

Отандық БАҚ беттерінде ұсынылған мәліметке сәйкес, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, атап айтқанда Каспий итбалықтары мекендейтін аралдар (Құланды, Морской, Святой, Подгорный, Үшарал, Маякшыкқан, Долгий) маңында теңіз деңгейінің соңғы 4-5 жылда төмендеуіне байланысты жаңа аралдар пайда бола бастаған.

Ақпарат қаншалықты рас: әкімдік жауабы

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін редакция әкімдікке ресми сауал жолдады. Сауалымызға жауап беру барысында Каспий теңізі акваториясының соңғы алты жылдағы спутниктік түсірілімдеріне талдау жасалып, жаңа аралдың пайда болғаны туралы ақпарат тексерілген.

«Талдау нәтижесінде Рыбачий түбегінің батысында және Құланды аралының (Итбалық аралдары архипелагы) шығысында орналасқан жаңа құрлық учаскелерінің пайда болғаны анықталды. Спутниктік түсірілімдер 2021-2026 жылдар аралығында топографиялық өзгерістер қарқынының жыл сайын арта түскенін көрсетеді. Нақты аумақтары әзірге анықталмағанымен, бұл динамика теңіздің тайыздануымен байланысты», — делінген хабарламада.

Осылайша, 2021 жылы теңіз деңгейінің орташа жылдық көрсеткіші – 28,31 мБС болғаны, құрлықтың бастапқыда су бетіне шыққаны тіркелген. Ал, 2022 жылы теңіз деңгейі – 28,57 м-ге дейін төмендеп, Рыбачий түбегінің батысында жаңа құрлық учаскелерінің шекаралары айқын көріне бастаған.

«Сол сияқты 2023 жылы теңіз деңгейі – 28,99 м-ге дейін төмендеген, сөйтіп спутниктік түсірілімде Рыбачий түбегінің батысында жаңа құрлық учаскелерінің қалыптасқаны анық көрінген. 2024 жылы теңіз деңгейі – 29,37м көрсеткішіне жетіп, спутниктік түсірілім 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгерісті және теңіз түбінің одан әрі ашылғаны байқалған», — делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ, 2025 жылы теңіз деңгейі – 29,30 м болып, Рыбачий түбегінің батысындағы су бетіне шыққан теңіз түбінің аумағы одан әрі ұлғайған.

«2026 жылы шілде айындағы жағдай бойынша Құланды аралындағы станцияның деректеріне сәйкес теңіз деңгейінің орташа жылдық көрсеткіші – 29,42 м болды. Бұл — зерттеліп отырған кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш. 2026 жылғы спутниктік түсірілімде алдыңғы жылмен салыстырғанда өзгерістердің айтарлықтай болмағаны байқалады», — делінген хабарламада.

Яғни, көргеніміздей, зерттеу нәтижесіне сәйкес, жылдар бойынша динамика көрсеткендей, Құланды гидрологиялық бекеті маңындағы Каспий теңізінің деңгейі 2021 жылдан 2026 жылға дейін үздіксіз төмендеген.

«Бұл теңіз түбінің жаңа учаскелерінің су бетіне шығуына алып келді. Процесс теңіз деңгейінің төмендеуіне тән тұрақты сипатта болып, бірнеше жылға созылған», — делінген хабарламада.

Түйін

Осылайша, әкімдік ұсынған мәліметтер Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты жаңа құрлық учаскелерінің пайда болғанын растайды. Алайда спутниктік түсірілімдерде байқалған бұл учаскелердің барлығын толыққанды жаңа арал деп атауға әзірге негіз жоқ. Мамандар олардың нақты аумағын әлі анықтамаған. Сондықтан «Каспийде жаңа арал пайда болды» деген ақпараттың негізінде шындық бар болғанымен, оның арал мәртебесі әзірге ресми түрде нақтыланбаған. Сонымен қатар, 2021-2026 жылдар аралығындағы деректер теңіз деңгейінің жалпы төмендеу үрдісін көрсетеді. Бұл өз кезегінде теңіз түбінің жекелеген бөліктерінің су бетіне шығуына себеп болған.

Оқу үшін