Халық Кеңесінің жұмысы қандай болады — Президент түсіндірді

Фото: Aqorda.kz
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамды алаңдатқан мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешу жолдарын да ұсынуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің міндеттеріне тоқтала отырып айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесін ел үшін жаңа институт деп атап, оның алғашқы мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.
«Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт. Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Кеңес жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейту. Оның мүшелері халықпен етене жұмыс істеп, елді толғандырған мәселелерді зерттеп, қоғамдық талқылауларға белсенді қатысуы қажет. Президент Кеңес мүшелерін күрделі мәселелерді ашық көтеруге шақырды.
«Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет. Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасын жүзеге асыру үшін осындай ашық диалог қажет. Бұл ретте Кеңес мүшелерінің міндеті мәселені айтумен ғана шектелмеуге тиіс.
Президент кез келген сынның шынайы әрі негізді болуы керегін атап өтіп, мәселе көтерілген жағдайда оның шешу жолы да қатар ұсынылуы қажет екенін айтты. Сонымен бірге Халық Кеңесінің мүшелеріне саяси мәдениет пен этикаға қатысты талап қойылады. Мемлекет басшысының айтуынша, Кеңес өкілдері қарапайым этика нормаларын қатаң сақтап, жоғары саяси мәдениеттің үлгісін көрсетуге тиіс.
Тоқаев Халық Кеңесі мүшелері қоғамдық бастамалар арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне ықпал ете алатынын да айтты. Оның сөзінше, бұл жұмыста ең басты қағида – ұлттық мүддені бірінші орынға қою.
«Сіздер халықпен етене байланыс орнатып, жасампаз бастамалар көтеру арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне, тіпті, ел тағдырына ықпал ете аласыздар. Ең бастысы, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс», – деді Президент.
Осылайша, Президент атаған міндеттерге сәйкес, Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы диалогқа қатысуға, халық көтерген мәселелерді зерделеуге, оларды қоғамдық талқылауға шығаруға және шешу жолдарын ұсынуға бағытталмақ.


