GTA VI ойыны 2027 жылға шегерілгені рас па?

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде GTA VI ойынының шығуы 2027 жылға шегерілгені туралы хат тарады. Алайда оның жалған екені анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Lead Stories басылымының мәліметінше, Instagram желісінде Rockstar Games компаниясының атынан жарияланған хат көпшіліктің назарын аударды. Онда Grand Theft Auto VI (GTA VI) ойынының шығу мерзімі 2026 жылғы 19 қарашадан 2027 жылғы 19 қарашаға ауыстырылғаны айтылған.
Хат 16 қарашада @smoothgio аккаунтында жарияланған. Жазбада компания ойынның шығу мерзіміне қатысты бұрын берілген ақпарат үшін кешірім сұрағандай көрсетілген.

«Бұған дейін жарияланған Grand Theft Auto VI ойынының шығу күніне қатысты туындаған түсінбеушілік үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Нақтылаймыз: 2027 жылғы 19 қараша. Иә, 2027 жыл. 2026 жыл емес. Одан ерте де емес», – делінген жалған хатта.
Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Фактчекерлер не анықтады?
Америкалық фактчекингтік басылым Rockstar Games компаниясының ресми сайтын тексеріп, ойынның шығу мерзімі 2027 жылға ауыстырылғаны туралы ешқандай хабарлама таппаған.
«Rockstar Games компаниясының сайтында GTA VI ойынының шығу мерзімі 2026 жылдан 2027 жылға ауыстырылғаны туралы ешқандай ресми мәлімдеме жоқ», – деп жазады Lead Stories.
Сонымен қатар фактчекерлер Google News және Yahoo News платформаларынан ақпарат іздеген. Алайда беделді ақпарат құралдарында ойынның бір жылға кейінге шегерілгенін растайтын жаңалықтар анықталмаған.
Жалған ақпаратты қалай анықтады?
«Хатты жариялаған аккаунт жазба сипаттамасында #ragebait хэштегін қолданған», – деп атап өтті Lead Stories.
Бұл термин әлеуметтік желі қолданушыларын әдейі ашуландырып, пікір жазуға немесе жазбаны өзгелерге таратуға итермелейтін арандатушылық контентті білдіреді. Басылым Rockstar Games компаниясына ресми сауал жолдаған. Жауап алынған жағдайда материал жаңартылады.


