Шынайы кадр, жалған әсер: желідегі фото мен видео эмоцияны қалай басқарады

Фото: MSSP Global
Әлеуметтік желіде көрген фото немесе видео шынайы болғанымен, одан қалыптасқан әсер шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін. Әсіресе эмоцияға әсер ететін визуалды контентті адам күмән келтірмей қабылдап, тексерместен таратуға бейім. Шынайы кадрдың контекстін өзгерту арқылы қоғамдық пікірге қалай ықпал етуге болатынын NoFake.kz редакциясына халықаралық коммуникациялар сарапшысы Николь Ива Зуймач түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, мұндай манипуляция үшін фото немесе видеоны қолдан жасау міндетті емес. Кейде шынайы кадрға басқа уақыт, орын немесе оқиға туралы сипаттама беру жеткілікті.
«Ең жиі кездесетін тәсіл — материалдың сипаттамасын өзгерту. Яғни шынайы фото немесе видеоға жаңа дата, жаңа орын немесе басқа оқиға қатысты деген түсініктеме беріледі. Бұл әсіресе қаржы технологиялары саласында қауіпті. Мысалы, «қосымша істен шықты» немесе «шоттар бұғатталды» деген скриншоттар бірнеше жыл бойы тарап, кейін дәл компания жаңа өнімін іске қосқан немесе реттеуші тексеруден өтіп жатқан кезде қайта пайда болуы мүмкін», — дейді ол.

Тағы бір тәсіл — бұрын болған оқиғаның видеосын өңдеп, жаңа оқиға ретінде ұсыну.
«Екінші тәсіл — ескі видеоға монтаж жасап, үстінен жаңа дауыс немесе дыбыс қосу. Мысалы, алаңдататын музыка, «шұғыл!» немесе «дәл қазір» деген жазулар қосылады. Сондай-ақ кадр оқиғаның нақты уақыты мен орнын анықтауға мүмкіндік беретін белгілер, мысалы, маңдайшалар, көлік нөмірлері немесе ғимараттардың ерекшеліктері көрінбейтіндей етіп қиылуы мүмкін», — дейді Николь Ива Зуймач.
Кейде әр уақытта, әр жерде түсірілген бірнеше кадр біріктіріліп, бір оқиғаның көрінісі ретінде ұсынылады.
«Үшінші тәсіл — әртүрлі оқиғаларға қатысы бар бірнеше кадрды бір видеоға біріктіру. Осылайша көрерменге олардың бір оқиға кезінде, әртүрлі жерден түсірілген кадрлар екені туралы жалған әсер қалыптасады. Мұндай жағдайда контекст материалдың формасын емес, оның мағынасын толығымен өзгертеді. Мысалы, адамдардың көп жиналғаны, түтін немесе қираған ғимарат бейнеленген бір ғана сурет оған берілген сипаттамаға байланысты бір-біріне мүлдем қарама-қайшы оқиғалардың дәлелі ретінде көрсетілуі мүмкін», — дейді Николь.
Яғни кадрдың өзі шынайы болғанымен, оған берілген контекст көрерменді мүлде басқа қорытындыға әкелуі мүмкін.

«Түпнұсқа кадр шынайы болып қала береді, бірақ одан көрермен шығаратын қорытынды шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін», — дейді сарапшы.
Неліктен мұндай контент эмоцияға тез әсер етеді?
Сарапшының айтуынша, мұндай контенттің ықпалы көбіне оның қандай факт ұсынғанында емес, адамда қандай эмоция тудырғанында.
«Мұнда көбіне фактіден гөрі эмоцияға әсер ету көзделеді. Ескі видеоны жаңа оқиға ретінде көрсету мәтінге қарағанда тезірек әрі күштірек әсер етеді. Мұндай контент адамға ой елегінен өткізуге уақыт бермей, қорқыныш, ашу немесе әділетсіздік сезімін тудыруы мүмкін. Нәтижесінде адам ақпаратты тексерместен бөлісуі ықтимал», — дейді ол.
Қаржы тақырыбындағы контентте бұл әсердің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ақшадан айырылып қалу қорқынышы, қаржы институттарына сенімсіздік немесе жүйе алдында дәрменсіздік сезімі алдыңғы қатарға шығады.
«Мұндай манипуляциялардың мақсаты әртүрлі болуы мүмкін: белгілі бір ақпараттық күн тәртібін күшейту, қақтығыстағы белгілі бір тараптың беделіне нұқсан келтіру, дүрбелең тудыру, резонансты тақырып арқылы қаралым мен аудитория белсенділігін арттыру немесе кликбейт арналар арқылы трафиктен ақша табу көзделуі мүмкін», — дейді халықаралық коммуникациялар жөніндегі сарапшы.
Мәселе адамның шынайы кадрды ондағы бүкіл ақпараттың растығына дәлел ретінде қабылдауында да жатыр.
«Ал шын мәнінде ол тек бұл кадрдың бір жерде, бір уақытта болған оқиғаны көрсететінін ғана дәлелдейді. Оның дәл қазір, дәл сол жерде болып жатқан оқиғаға қатысы бар екенін білдірмейді», — деп ескертеді ол.
Неге көзбен көрген ақпаратқа тезірек сенеміз?
Фото мен видео мәтінге қарағанда оқиғаның тікелей дәлелі сияқты қабылдануы мүмкін. Ал дағдарыс, төтенше жағдай немесе қайғылы оқиға кезінде ақпаратты жылдам білуге деген қажеттілік күшейіп, адам оның дереккөзін тексеруге үлгермеуі ықтимал.
«Фото мен видео мәтінге қарағанда «шынайырақ» дәлел сияқты қабылданады. Біз көзімізбен көрген нәрсеге сенуге бейімбіз. Бұл — визуалды ақпараттың шынайылық әсері. Дағдарыс кезінде адамның ақпаратты сыни бағалау шегі де төмендеуі мүмкін. Адам дәл қазір не болып жатқанын түсінуге тырысып, дереккөзді тексеруден бұрын ақпаратты қабылдауға асығады», — дейді коммуникациялар маманы.
Бұған адамның бұрыннан бар көзқарасы мен күдігі де әсер етеді. Кей жағдайда контент оның шынайылығы тексерілгендіктен емес, адамның бұрыннан қалыптасқан қорқынышы немесе күдігімен сәйкес келгендіктен таралады. Бұл құбылыс «растау әсері» (confirmation bias) деп аталады.
«Бұған ақпараттың әлеуметтік желіде жылдам таралуы да әсер етеді. Егер жаңалық оқиғаның алғашқы сағаттарында жаппай тарай бастаса, адамдар «бәрі бөлісіп жатыр, демек, біреу тексерген шығар» деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнінде бұл тізбекте ешкім бастапқы дереккөзді тексермеген болуы ықтимал. Әр адам ақпаратты өзінен бұрын бөліскен адамға сенеді», — дейді ол.
Шынайы кадрдың контексті бұрмаланғанын қалай анықтауға болады?
Ең алдымен фото немесе видеоның қашан және қай жерде алғаш жарияланғанын анықтау қажет.
«Ең қарапайым әрі қолжетімді тәсілдердің бірі — суретті кері іздеу. Мысалы, Google Images немесе TinEye арқылы фотоны, ал видео болса, одан алынған жеке кадрды іздеуге болады. Егер материал ескі болса, іздеу жүйесі оның бұған дейін басқа датада немесе басқа сипаттамамен жарияланған нұсқасын табуы мүмкін», — дейді маман.
Егер ақпарат цифрлық өнімге немесе белгілі бір қосымшаның скриншотына қатысты болса, сарапшы интерфейстің сол кезеңдегі нұсқасына сәйкес келетін-келмейтінін тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ құжаттардағы реквизиттерге, тұжырымдарға, скриншоттағы дата мен уақыттың қисындылығына назар аударған жөн.
«Сондай-ақ материалды дәл сол датада және дәл сол контекстте ірі тәуелсіз БАҚ немесе ресми дереккөздер жариялады ма, соны тексеру пайдалы. Егер ақпаратты тек аты-жөні белгісіз пабликтер мен анонимді арналар таратып жатса, бұл — сақ болуға себеп. Және ең басты ереже, меніңше, мынау: егер материал сізде бірден өте күшті эмоция тудырса, дәл сол сәтте оны бөліспей, керісінше, тоқтап, тексеруге уақыт бөлген дұрыс», — деп кеңес берді маман.
Айта кетейік, бұған дейін біз видеоның түпнұсқасын табу жолдары, сондай-ақ, желідегі манипуляция қалай жасалатынын халықаралық журналист Әсел Қайролламен талқыладық.


