Флоридадағы ұшақ апаты: желіде тараған видео ЖИ-мен жасалғаны рас па

Скриншот: әлеуметтік желі
АҚШ-тың Флорида штатында болған жеке ұшақ апатының видеосы әлеуметтік желіде ЖИ көмегімен жасалған деген күдік туғызды. Алайда PolitiFact фактчекерлері видеоның ЖИ-мен жасалмағанын, оның түпнұсқа видео екенін растады.
Әлеуметтік желілерде АҚШ-тың Флорида штатындағы Палм-Бич округінде болған ұшақ апатының видеосы тарады. Кадрларда ұшақтың жерге қарай құлдилап, жол жабынына соғылғаны, артынша оқиға орнын от пен түтін басқаны көрінеді. Видеоның шынайылығына күмән келтірген кейбір қолданушылар оны ЖИ көмегімен жасалған деп мәлімдеген.
1 қарашада X әлеуметтік желісінде жарияланған жазбалардың бірінде:
«Сіздер көріп жүрген ұшақ апатының видеосы 100 пайыз жасанды интеллект арқылы жасалған. Бізді біреу алдап жатыр!!! Бұл мүлде ұшақ емес», — деген пікір жазылған.
Жазба авторы өз тұжырымын растау үшін видеоны ЖИ-детектор арқылы тексерген сәттің скриншотын да жариялаған. Оның айтуынша, бағдарлама ұшақтың өзінен ғана ЖИ белгілерін анықтаған.

Басқа қолданушылар да видеодағы кадрлардың шынайылығына күмән келтірген. Алайда ұшақ апаты шынымен болған. Оның үстіне, оқиға түсірілген бейнежазбаны Associated Press, CNN, CBS News және BBC сияқты ірі ақпарат құралдары жариялағаны анықталды.
Флоридада не болды?
Естеріңізде болса, Learjet 60 жеке ұшағы Техас штатының Остин қаласынан Багам аралдарына бағыт алған. 2026 жылғы 1 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 12:51 шамасында ұшақ Флорида штатындағы Крестхейвен елді мекеніне жақын тұрғын ауданында апатқа ұшыраған.
АҚШ көлік министрі Шон Даффидің мәліметінше, борттағы адамдардың барлығы қаза тапқан.
Әзірге апаттың нақты себебі анықталған жоқ. Алайда 2 қарашада АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесінің (NTSB) өкілі Том Чепмен ұшақтың турбуленттілік пен мұздану жағдайына тап болғанын хабарлаған. Қазір оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.
Фактчекерлер видеожазбаның алғашқы дереккөзін де анықтаған. Оны алғаш рет Уэст-Палм-Бич қаласының тұрғыны, цифрлық контент авторы Аки Куусисто Facebook парақшасында жариялаған. Ол бейнежазбаны көлігінің видеотіркегіші түсіріп алғанын айтқан.
«Видеотіркегіш орнатқанда мұндай жағдайға куә боламын деп ойламаппын», – деп жазған Куусисто жарияланымның астындағы пікірінде.

ЖИ-детектор нені көрсетті?
PolitiFact журналистері Куусисто жариялаған видеоны Hive Moderation сервисіне өздері жүктеп, тексеріп көрген. Нәтижесінде бағдарлама бейнежазбадан жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген контент белгілерін анықтамаған. Сондықтан, X әлеуметтік желісіндегі жазбалардың бірінде 1 қарашада Флорида штатындағы Палм-Бич округінде болған ұшақ апатының видеосы «100 пайыз ЖИ арқылы жасалған» деген мәлімдеме таралғанымен, басылым журналистері бейнежазбаның түпнұсқасын анықтап, оның көлік видеотіркегіші арқылы түсірілгенін растаған. Сонымен қатар, тәуелсіз сарапшы да видеода ЖИ көмегімен жасалған контент белгілері жоқ екенін мәлімдеген.


