Фишингтік SMS таратудың жаңа схемасы әшкереленді: ҚМА не анықтады

Фото: Aqorda
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Ол Мемлекет басшысына ведомствоның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы туралы есеп берді.
Кездесу барысында ҚМА төрағасы қылмыстық топтардың жолын кесу, қаржылық алаяқтықпен күрес, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау және халықтың қаржылық сауатын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Жанат Элимановтың айтуынша, алты айда агенттік 496 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлемінде залал өтелген.
«496 қылмыстық істі тергеу аяқталды, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлемінде залал өтелді. Жеті қылмыстық топ, оның ішінде төрт трансұлттық топ, сондай-ақ айналымы 176 млрд теңгеден асатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 44 желі залалсыздандырылды», – деп баяндады ҚМА төрағасы.
Сонымен қатар агенттік мәліметінше, есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 12 көлеңкелі криптоайырбастау пункті жойылған. Сондай-ақ шоттары арқылы 113 млрд теңге өткен 36 дропперлік ұяшық анықталды.
ТМД-да алғаш рет фишингтік SMS тарату схемасы әшкереленді
Баяндамада кибералаяқтықпен күреске ерекше назар аударылды. ҚМА басшысының мәліметінше, ТМД елдерінде алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын имитациялауға және жаппай фишингтік SMS таратуға арналған арнайы жабдықты пайдаланған топтың әрекеті әшкереленген.
«ТМД-да алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын имитациялау және азаматтардың дербес деректерін заңсыз иемдену мақсатында жаппай фишингтік SMS тарату үшін арнайы жабдық пайдаланған адамдардың әрекеті әшкереленді», – деді Жанат Элиманов.
279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді
Агенттік төрағасы бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау нәтижелері туралы да баяндады. Оның айтуынша, жалпы сомасы 279 млрд теңгені құрайтын 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша негізсіз шығындардың алдын алу мүмкін болған.
Бұдан бөлек, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңгені жымқыру тәуекелдері анықталған. Сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу мақсатында 140 мың азаматты жекеменшік клиникаларға жалған тіркеу схемасы әшкереленді.
Алдын алу жұмыстары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунтқа қолжетімділік бұғатталған. Сонымен қатар 2,3 мың алаяқтық интернет-ресурстың және жалпы аудиториясы 35 мыңнан асатын 25 топтық чаттың қызметі тоқтатылды. Жанат Элимановтың айтуынша, қаржылық сауатты арттыру шараларымен 245 мыңнан астам азамат қамтылған. Ал қаржылық мониторинг саласындағы заңнаманы жетілдіру нәтижесінде Қазақстан FATF-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша өз көрсеткіштерін жақсартқан.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына ведомство жұмысының негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.


