Алагөзованың атынан пәтер ұтысына қатысты фейк видео қайта тарады

Скрин видеодан
Әлеуметтік желілерде белгілі продюсер Баян Алагөзованың бейнеүндеуі қайта монтаждалып, саяси партиялардың біріне дауыс бергендерге пәтер ұтысы ойнатылатыны туралы жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алаяқтар бұл фейк роликті продюсердің бұрын өз парақшасында дәл осы мазмұндағы жалған ақпаратты жоққа шығарып жариялаған шынайы видеосын қиып алу арқылы, қайта таратқан. Түпнұсқада халықты провокацияға ермеуге шақырған продюсердің сөздері мүлде басқа мағынада бұрмаланған.
Түпнұсқадағы толық мәтін:
«Мен сіздерге айтайын, арандатушылыққа бой алдырмаңыздар. Мен ештеңені ұтысқа шығарғаным жоқ, ешқандай қайырымдылық акциясын да жасаған жоқпын. Ешқандай пәтер, ешқандай ақша, ештеңе жоқ. Ешкімді ештеңеге шақырған жоқпын. Сондықтан өте сақ болыңыздар және мұны барлық достарыңызға жеткізіңіздер. Сіздерге ескерткім келді. Назарларыңызға көп рақмет»,-дейді.
Алаяқтар қалдырған қысқартылған үзінді (Фейк):
«…пәтерлерді ұтысқа шығарып жатырмын, 23-і күні алаңдарда пәтер ұтысы акциясы өтеді, мұны барлық достарыңызға жеткізіңіздер. Назарларыңызға көп рақмет», -дегендей етіп, қайта жариялаған.
Монтаж кезінде видеоның мағынасын түпкілікті өзгерткісі келгендер сөйлемдер арасындағы орыс тіліндегі болымсыз «не» шылауын алып тастап, тек керекті үзінділерді ғана қалдырған. Роликтің сапасының төмендігі мен кадрлардың кесілген жерлерінің байқалуы оның қолдан жасалған фейк екенін ашық көрсетіп тұр. Редакциямыз продюсердің Айдан есімді көмекшісіне хабарласты.
«Баян Мақсатқызы бұл ақпаратты он шақты рет жоққа шығарды. Олар қояр емес», — деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін біз Баян Алагөзова сайлауда дауыс бергендерге пәтер таратады деген ақпараттың жалған екенін жазған болатынбыз.


