Еңбек кітапшасыз жұмысқа тұруға бола ма – министрлік жауабы

Иллюстрация: NoFake.kz
Еңбек министрлігі еңбек кітапшасының болмауы жұмысқа қабылдаудан бас тартуға негіз бола алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, жұмыс беруші бұл құжатты сұратуға құқылы, алайда оның болмауы азаматты жұмысқа алмауға себеп емес.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қағаз еңбек кітапшасының әлі де қажет-қажет еместігі туралы пікірталастар жиі туындайды. Кей қолданушылар еңбек шарттарын электронды есепке алу енгізілгеннен кейін бұл құжат заңды күшін жоғалтты және жұмыс берушілер оны талап ете алмайды деп есептейді.
Алайда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Министрліктің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің еңбек заңнамасын бақылау басқармасының басшысы Жанболат Мұқышев 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер еңбек шартын жасасу, өзгерту және тоқтату туралы мәліметтерді Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне енгізуге міндетті екенін айтты. Бірақ бұл өзге құжаттардың күшін жоймайды.
«Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес, еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі болып саналады. Жұмыс беруші оны сұратуға құқылы, алайда еңбек кітапшасының болмауы жұмысқа қабылдаудан бас тартуға негіз бола алмайды», – деді Жанболат Мұқышев.
Ведомствода еңбек өтілін заңнамада көзделген өзге де құжаттар арқылы растауға болатынын еске салды. Атап айтқанда, еңбек шарты, жұмыс беруші бұйрықтарынан үзінділер және еңбек қатынастарының барын дәлелдейтін басқа да құжаттар жарамды саналады.
Осылайша, қағаз еңбек кітапшасы толықтай маңызын жоғалтты немесе онсыз жұмысқа орналасу мүмкін емес деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жұмыс беруші бұл құжатты сұратуы мүмкін, бірақ оның болмауы жұмысқа тұруға кедергі емес.


