Алматыдағы блэкаут: Қазақстан энергия саласында көрші елге тәуелді ме

Фото: visit-kg.com
Энергетика министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясының тапшы екенін әрі көрші елдерге аталған мәселе тұрғысынан тәуелдіміз деген қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Елдің оңтүстігінде энергия тапшы екені рас па?
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаевтың айтуынша, көпшілік арасында жиі талқыланатын оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Неге? 14-ші тамызда шынымен көрші елдердің электр желілерінде техникалық бұзушылықтар байқалды. Көрші елдегі техникалық ақаудан кейін, біздің елге жүктеме артты. Сол себепті біздің апатқа қарсы автоматика штаттық режимде жұмыс істеді. Шынымен кей аймақтарда жарық сөнді, оның барлығы регламентке сәйкес болды», — деп түсіндірді ол.
Маманның айтуынша, ол — энергетика жүйесінің жұмысын сақтап қалу үшін әрі құрылғының істен шықпауын қамтамасыз ету үшін жасалған. Бұл ретте ведомство өкілі Алматы қаласы бойынша жарық энергиясына қатысты шағымдар бар екенін растады.
«Бірақ олардың барлығы жергілікті деңгейдегі мәселелер ғана. Оның барлығы жергілікті тұтынушылық желілерге байланысты болып отыр. Қазір Алматы қаласындағы жауапты мамандармен электр желісіне жүктемесі көп аумақтар анықталып, ол бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр», — деді ол.
Жалғас Шөгелбаев бұл ретте оңтүстік өңірлерге энергия тапшылығы жөнінен қауіп жоқ екенін атап өтті.
Қазақстан көрші қырғыз елінен электр энергиясымен қалай алмасады?
«Жалпы, Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық өзара әрекетінің нәтижесінде, жаз мезгілінде біз су жіберу нәтижесінде, көршілес Қырғызстаннан электр энергиясын аламыз. Ал, қыста сол суды жазға сақтап қалу мақсатында, біз керісінше Қырғызстанды электр энергиясымен қамтамасыз етеміз», — деді ол.
Алматыдағы «блэк-аут»: нақты себеп неде болды?
«Дәл сол күні Қырғызстаннан электр энергиясы қамтамасыз етілді және көршілес елде техникалық ақау тіркелді. Салдарынан біздегі «Солтүстік», «Оңтүстік» электр желілеріне жүктеме артты. Сондықтан ол алдағы уақытта жүйелік ақауларға әкелмеу үшін, апатқа қарсы автоматика іске қосылды. Сөйтіп кейбір учаскілерге шамадан тыс жүктеме болмауы үшін, жарық өшірілді», — деп сөзін қорытындылады ол.
Түйін
Осылайша, Энергетика министрлігінің өкілі оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығы жоқ дейді. Айтуынша, 14 тамыздағы жарықтың өшуіне көрші елдің электр желілеріндегі техникалық ақау себеп болған. Соның салдарынан Қазақстанның жекелеген электр желілеріне түсетін жүктеме артқан. Осы кезде апатқа қарсы автоматика штаттық режимде іске қосылып, желіге шамадан тыс жүктеме түспеуі және энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысы сақталуы үшін кейбір учаскелерде электр энергиясы уақытша ажыратылған. Алматыдағы қазіргі жарық мәселелері жүйелік емес, жергілікті тұтынушылық желілерге байланысты екені айтылды.

