Елдегі аптап ыстық: соңғы 50 жылда Қазақстанда климат қалай өзгерді

Фото: Depositphotos
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде алдағы демалыс күндері ауа температурасы +49 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Осы аптада елдің солтүстік өңірлері мен Астана да аптап ыстықтың құрсауында қалды. Шіліңгір шілдедегі мұндай ыстықтың себебі неде? Бұл жаһандық жылынудың салдары ма? NoFake.kz осы мәселені зерттеп көрді.
Қазақстанның әр өңірінде ахуал қандай: әлеуметтік желіге шолу
Әлеуметтік желіде осы күндері аптап ыстыққа қатысты түрлі пікірлер толып тұр. Олардың бірі Астанадағы аптап ыстық неден екенін білмей жатса, енді бірі оңтүстік өңірлерде бұдан да ыстық екенін жарыса жазып жатыр.

Аптап ыстық жаһандық жылынудың әсері ме?
Елімізде апталап тұрған аптап ыстық себебін «Қазгидромет» РМК мамандарынан сұрап білдік. «Қазгидромет» РМК климаттық өзгерістер басқармасының басшысы Нұрайлы Қожагельдинаның айтуынша, мұндай ыстықты жаһандық жылынумен тікелей байланыстыруға болмайды.
«Бұлай деп айту қате болады. Еліміздегі қазіргі аптап ыстық екі фактордың әсерінен болып тұр. Ол — біріншісі ауа райы жағдайына әсер ететін синоптикалық жағдай және ұзақ мерзімді климаттық өзгерістердің салдары болуы мүмкін. Дәл қазіргі сәтте Қазақстанның басым бөлігінде тұрақты антициклон қалыптасып тұр. Ол бұлтты ауа райының келуіне кері әсер етіп, атмосфераның жоғары ауа қабатының қатты қызуына және Иран мен Орта Азиядан келетін ыстық ауа массаларының келуіне әсер етіп тұр», — деді маман.
Оның сөзінше аталған факторлардың әсерінен Қазақстанның кей аймақтарында ауа температурасы +40,+46 градусқа дейін ысып тұр.
«Сондықтан жаһандық жылу осындай аптап ыстықтың жекелей жағдайларының себебі болмауы мүмкін. Ол тек, жалпылама алғанда кейінгі 10 жылдықтарда осындай ыстықтарда ауа температурасының барынша жоғарылауына ықпал етуі мүмкін», — деді ол.
Шілдеде ауа температурасы рекордтық көрсеткіштерге жеткені рас па?
Қазгидромет мамандары биылғы шілдедегі аптап ыстыққа байланысты да түсініктеме берді.
«Қазгидромет болжамдарына сәйкес, 2026 жылдың шілде айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық температура көрсеткіші климаттық нормадан +1,+2 градусқа артық болып тұр. Десе де кей күндері климаттық норма одан да жоғарылуы мүмкін. Мұндай көрсеткіш бұған дейінгі жылдарда, дәл сол күнгі ауа температурасынан салыстырғанда +5,+8 градусқа жоғары болуы ықтимал», — деді ол.
Маман аптап ыстық биыл Оңтүстік, Орталық және Оңтүстік-шығыс Қазақстанда күшейіп тұрғанын растады.
«Дәл осы өңірлерде күндізгі ауа температурасы кей аудандарда +42,+46 градусқа дейін көтерілді. Жалпы Қазақстан бойынша дәл осы жазда рекордтық ыстық болды деп айтуға әлі ерте. Климаттық рекордтар әр метеостанция үшін жекелей есептеледі. Соңғы жылдары мұндай климаттық өзгерістер жиі орын алып жатыр. Мысалы, 2025 жылы Шымкент, Түркістан және Жезқазғанда «, — деді маман.
Жалпы климаттың өзгеруі Қазақстанға қаншалықты әсер етіп жатыр?
Қазгидромет ұсынған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан жаһандық климаттың өзгеруінің әсерін айтарлықтай сезініп отырған елдердің бірі. Осылайша, 1976–2025 жылдар аралығында еліміздегі орташа ауа температурасы әр 10 жыл сайын шамамен 0,4 °C-қа жоғарылап отырған.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, жылыну Қазақстанның барлық дерлік аумағында және жылдың барлық мезгілінде байқалады.
«Ауа температурасының ең жоғары өсу қарқыны батыс өңірлерде тіркелген — әр 10 жыл сайын 0,50–0,59 °C. Орталық және шығыс өңірлерде бұл көрсеткіш біршама төмен – 0,29–0,33 °C. 2025 жыл Қазақстандағы аспаптық метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең жылы жыл болды. Орташа жылдық ауа температурасы 1961–1990 жылдардағы климаттық нормадан шамамен 2,9 °C-қа жоғары болды», — деп түсіндірді мамандар.
Елімізде соңғы 50 жылда жаз мезгіліндегі ауа температурасы қалай өзгерді?
Қазгидромет жаз мезгіліндегі 1976–2025 жылдар аралығында Қазақстан бойынша орташа жазғы ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,26 °C-қа жоғарылағанын растады.

«Жылдық температурадағы сияқты, жазда да ең жоғары өсу қарқыны батыс өңірлерде байқалады, мұнда Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында ол әр 10 жыл сайын 0,51–0,63 °C-қа жетеді, ал солтүстік және орталық өңірлерде жылыну әлдеқайда баяу жүріп, әр 10 жыл сайын небәрі 0,08–0,11 °C-ты құрады», — деді мамандар.
Сонымен бірге, мамандар 2025 жылдың жазы да қалыпты жағдайдан едәуір жылы болды, ел бойынша орташа жазғы ауа температурасы 1961–1990 жылдардағы климаттық нормадан 1,6 °C-қа жоғары болғанын жеткізді.
«Нормадан ең үлкен ауытқу елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында тіркелді, мұнда Алматы облысында ауа температурасы нормадан 2,8 °C-қа, Түркістан облысында 2,6 °C-қа, ал Жамбыл және Жетісу облыстарында 2,5 °C-қа жоғары болды», — дейді мамандар.
«Рекордтық ыстық тіркелмеді»
Қазақстанда биылғы шілдеде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болғанымен, ел бойынша рекордтық аптап ыстық тіркелді деуге әзірге негіз жоқ. «Қазгидромет» мәліметінше, қазіргі ыстыққа тұрақты антициклон мен оңтүстіктен келген ыстық ауа массалары әсер етіп отыр. Ал жаһандық климаттың өзгеруі мұндай ыстық толқындарының жиілеуіне және қарқындануына ықпал етуі мүмкін, бірақ әрбір аптап ыстықты тек жаһандық жылынумен байланыстыру дұрыс емес.


